Аралда күн электр станциясы салынады

Аралда қуаттылығы 10 МВт энергия өндіретін күн электр станциясы салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл Қызылорда облысының солтүстік аудандарын электр тоғымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өңірде қуат тапшылығы айқын сезіледі. Оның үстіне аймақтағы 10 мың шақырымдық желінің 66%-і тозып тұр. Сондықтан сағатына 175 МВТ энергия тұтынатын қызылордалықтардың үйінде жарық жиі сөнеді. Ағымдағы жылы энергия таратушы станциялардың кернеулілігін арттыру мақсатында 10 жоба жүзеге асырылмақ. Оған қазынадан 5,7 миллиард теңге бағытталады. 

Медет Құсайын, облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Аталған қаржыға облыс бойынша 418 шақырым электр желілерін және 73 дана қосалқы станцияны қайта жаңғыртамыз. Нәтижесінде тозу деңгейін біз 64%-ке дейін төмен түсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Қаладағы желінің төзімділігін көбейту мақсатында жоба жасап жатырмыз «220-35-10» деген. Сол жағалау, 2-ші кезең деп айтамыз. Жылуэлектрорталығы мекемесімен 220 желімен байланыстырамыз жартылай айналма ретінде.