Павлодар облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалау жобасы іске қосылды
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қадағалау бойынша заманауи жоба іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.
Пилоттық режимдегі бағдарламаны жүзеге асыру барысымен Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин танысты. Етті ветеринариялық-санитариялық сараптау модулі әзірге еліміздің 3 облысында қолға алынды. Жоба мал етінің тиісті сараптамадан өткен соң сауда орындарына жетуге дейінгі барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, саладағы барлық бизнес-үрдістер арнайы базада бақыланады. Осылайша, тұтынушылар малдың жасы, сойылған уақыты, жүргізілген сараптамалар, тіпті жануардың қожайыны туралы ақпаратпен QR-код арқылы таныса алады. Бұл нарыққа жөнелтілетін ет өнімдерінің сапасын қадағалауға және кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді жояды. Бұл шаралар тиімділігін көрсетсе, тәжірибе өзге облыстарға да таратылады.
Айта кетейік, пилоттық жоба аясында 72 түрлі сараптама жүргізуге қауқарлы ветеринарлық зертханалардың техникалық базасы күшейтіледі. Оған Үкімет резервінен 3,9 млрд теңге бөлінді.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Қазір біз үлкен концепция дайындап жытырмыз. Ауыл шаруашылығын 2030 жылға дейін дамытуға. Оған аталған мәселелердің барлығы кіреді. Мынандай ветеринарлық пункттер салуға, қадағалау жүйесін салуға, қаражат бөлуге, оның бәрін біз қарастырамыз ішінде, әрине. Себебі Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға назарын білдірді. 2027 жылға дейін біз ауыл шаруашылығындағы өндрірістерімізді 70%-ке көтеруіміз керек.
Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Ауыл шаруашылығы министрілігінде өзіміздің сараптамалық орталық бар, цифровизациямен айналысатын. Сондықтан оған қаражат жұмсаған жоқпыз. Өзіміздің мамандар жасап жатыр. Біз осы жүйені жасап жатқан уақытта бір Шарбақты ауданына 4 рет келіп кеттік. Өйткені ол жұмыс жасайтын жүйе болу керек.