Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы элеватор жұмысы қайта жанданды
Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында жарты ғасыр бұрын іске қосылған элеватор жұмысы қайта жанданды.
Жабдықтар жаңартылып, астық қабылдау көлемі арта түсті. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орны пайда болды.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Бұл Ақтөбе облысында алғаш пайда болған элеваторлардың бірі. 1963 жылы құрылысы басталып, кейін 12 жыл өткен соң іске қосылған. Жылына 60 мың тоннаға жуық астық сақтай алады. Соңғы кездері мұнда жұмыс қызған. Елдің өзге өңірлерінен де арпа, бидай, күнбағыс және өзге де дақылдар жеткізіледі.
Элеватор жұмысы жаңа құрылтайшының келуінен кейін жандана бастаған. Бұл Зоя Давыденко сынды тәжірибелі мамандарды қуантып отыр. Себебі, соңғы 10 жылда кәсіпорында тұрақты еңбек ететін адамдардың саны 20-дан асқан емес. Ал қазір 35 жұмысшы бар. Әрі жалақылары да тәуір.
Зоя Давыденко, зертхана басшысы:
- Бізге келіп жатқан астықтың көлемі де жақсарды. Ауа райының қолайсыздығынан былтыр жаңбырда қалған бидайды да қабылдадық. Сондықтан жұмыс қызды. Өйткені, 5-ші класты дақылға жатқызылғандықтан, оның ылғалдылығын жою үшін кептіруге көп күш жұмсалады. Қазір де тиісті жұмыс атқарып жатырмыз.
Бүгінде мұндағы қоймада бидайдың бірнеше түрінен өзге, арпа, күнбағыс, мақсары бар. Мәртөк, Әйтеке би, Қарғалы аудандарындағы шаруашылықтар әлі де астығын әкеп жатыр. Ал оларға сапалы қызмет ету үшін мұнда қажетті жабдықтар жаңартылып, жаңа техникалар алынған.
Ербол Данияров, элеватордың атқарушы директоры:
- Элеватордың ішінде әлі көп алмастыратын заттар да бар. Ар жақта теміржол бар. Былтыр біз теміржолды капремонттан өткіздік. Қазір үш жол бар бізде. 45 вагон сыйады бізге. Қоймаларымыз бар әлі, соны іске бәрін қосуымыз керек, алда әлі жұмыс өте көп.
Бүгінде облыста дәл осындай 7 астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Оның екеуі сақтаудан өзге, өңдеп, ұннан түрлі өнім шығарады. Ал элеваторлардың жалпы жағдайы жылына бірнеше рет бақылаудан өтіп тұрады.
Нұрбек Райымбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Астық сақтау кәсіпорындарының жалпы сыйымдылығы 381 мың тоннаны құрайды. Кәсіпкерлер, инвесторлар жағына келетін болсақ, бұлардың барлығы негізінен құрылтайшылардың есебінен жаңарту жұмыстарын жүргізуде осы уақытқа шейін. Қазіргі уақытта жыл сайын өздерінің қаржылық жағдайларына байланысты жаңарту жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы биыл облыста 420 мың тонна астық жиналған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда жақсы көрсеткіш.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев