Атырау облысында агрокешендер көбейіп келеді
Атырау облысында агрокешенді шаруашылықтар құру бағытында былтыр 7 инвестициялық жоба іске қосылды.
Өңірде бекітілген «Жол картасына» сәйкес құны 36,7 млрд теңге болатын 13 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде. Осылайша облыста ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кешендер көбейіп келеді. Мемлекет қолдауын сезінген шаруашылықтар енді өңдеу өнеркәсібін дамытуды жолға қойып жатыр.
Махамбет ауданындағы бұл кешенді шаруашылық елімізге жақсы таныс. Мұнда 1000 бастан астам асыл тұқымды ешкі ұстайтын тауарлы сүт фермасы бар. Кешенде ешкі сүтінен ірімшіктің 3 түрі, оған қоса иогурт, қаймақ секілді 12 түрлі өнім дайдындалады. Сондай-ақ, 160 гектар алма бағы мен 1 гектарлық лимонария да жақсы өнім беріп тұр. Мемлекет қолдауымен инвестициялық жобаны жүзеге асырған шаруашылық 2 жылдан бері лимон суы мен алма шырынын шығара бастады. Дегенмен, өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында кедергілер де бар. Әсіресе, жаңа құрылған кешенді шаруашылықтарға мемлекеттен жәрдем керек.
Владимир Розметов, агрокешен басшысы:
- Бізде электр энергиясы, жанар май, су мәселесі өте қиын. Бір жерден өндіріс ашылғанда электр энергиясы өте қымбат. Қазір судың 1 текше метрі 17 теңге, ал Шымкентте 20 тиын. Сондай айырмашылық бізде. Бізге субсидиялар беру керек оларды. Бізде қызаң мен қияр неге қымбат, сол электр энергиясының арқасында қымбат.
Азық-түлік түрлерінің 60 пайызын өзге өңірлерден тасымалдайтын Атырауда кешенді шаруашылықтар құру кезек күттірмейтін іс. Сол себепті шаруалар ет-сүт өнімдерін өңдеу мен жылыжайлар салуды қолға ала бастады. Былтыр облыста құны 1,6 млрд теңге болатын 7 инвестициялық жоба іске қосылды. Олардың ішінде 4 гектарлық жылыжай, 2 сүт өңдеу цехы мен мал сою бекеттері бар.
Тілекқабыл Ғұбайдуллин, облыстық АШБ АӨК субсидиялау және несиелендіру бөлімінің басшысы:
- 2024 жылы тағы да 4 жоба іске қосылады деп отырмыз. Оның ішінде атап өтетін болсақ, 5,6 га жылыжай кешені салынып жатыр. Ағымдағы жылы іске қосылады. Сонымен қатар бройлерлік бағыттағы қуаттылығы 5 мың тонналық құс етін өңдеу фабрикасы іске қосылады деп жоспарлануда.
Кешенді шаруашылықтарға мемлекет тарапынан қолдау жыл санап өсіп келеді. Мысалы, егін және жылыжай шаруашылығымен айналысқандар үшін шығынның 85 пайызы субсидияланады. Оның ішінде су, электр энергиясына жұмсалған шығындар да кіреді. Былтыр облыс бойынша 400-дей шаруашылыққа 3,7 млрд теңге төленген. Келешекте мал бордақылау алаңдарын ашқандар үшін өзге өңірлерден тасымалданатын арпа-бидай секілді жем түрлерін де жеңілдетілген түрде жеткізу қолға алынбақ.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин