Бір уақыт белдеуін енгізудің ұтымды тұстары бар

Еліміз 1 наурыздан бастап бір уақыт белдеуіне көшеді.

Мамандардың айтуынша, оның ұтымды тұсы көп. Дәрігерлер уақыт белдеуін өзгерту арқылы аурушаңдықтан арылуға болады деген пікірде.

Осылайша адамның денсаулығы жақсарса, бұл экономикаға да оң септігін тигізеді. Өңірлер арасында өзара байланыс артады. Сарапшылар электр энергетикасы саласына да оң ықпал ететінін айтып отыр. Осы орайда айта кеткен жөн болар, адам баласы үшін ең қымбат, ең құнды дүние – уақыт. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қазір 175 мемлекетте бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген. Ал 22 елде бірнеше уақыт белдеуі қолданылады. Қазақстан енді халықаралық тәжірибе негізінде көпшілік қолданған әдіске көшіп жатыр. 

Елімізде екі бірдей уақыт белдеуі қолданыста. Бұған бой үйреткен қазақстандықтардың жаңа өзгеріске қатысты пікірін тыңдап көрдік.

Сауалнама

- Жастарға тиімді болу мүмкін енді. Жұмыс істегендеріне, жұмысына қарай өздеріне ыңғайлы болуы мүмкін деп ойлаймын өзім.

- Наверно бірдей болған дұрысырақ. Солай пойызға да кешікпейсің, аэропортқа да кешікпейсің.

- Тиімді жақсы. Бірдей уақыт бола берсін енді.

Бірыңғай уақыт белдеуі мәселесін Сауда және интеграция министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы жан-жақты зерделеді. 

Қуаныш Елікбаев, ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы:

- Халықаралық тұжырымдама бойынша алтыншы белдеу табиғи күн уақытына сәйкес келмейді және биологиялық ритмдерге кері әсері бар. Ал біздің елдің көп бөлігі сол белдеуде жатыр. Сондықтан сарапшылардың пікірі негізінде елді тұтастай бесінші уақыт белдеуіне көшіру туралы шешім қабылданды. Бұл экономикалық жағынан да ұтымды болады. 

Дәрігерлердің айтуынша, қолайсыз уақыт белдеуі адам денсаулығына тікелей зиян. Соның ішінде созылмалы аурулар мен қатерлі ісіктерге апарып соғады. 

Бағай Назарбайұлы, терапевт-дәрігер:

- Адам ағзасында 12 энергоканал болады. 12 энергоканал 24 сағаттың бойымен күндізгі 12 сағат және түнгі 12 сағаттық бөлік бойынша орналасады. Мысалы, бір ағзаны алып айтатын болсақ, ас ішек сағат тілінде 6-ны көрсетеді. Бұл таңғы 6 және кешкі 6. Осы уақытта ас ішектің өзінің қызметі толық қалпына келу керек. Жағрафиялық құрылым бойынша осы қазіргі есептеліп жатқан UТС+5 уақытын дұрыс деп қарап жатырмыз ғой. Онда ол тиімді болады. 

Өзгерістің электр энергетикасы саласына тигізетін әсерін талдаған биотехнолог та бұл бастаманы қолдап отыр. 

Әмір Қуат, биотехнолог:

- Бізде қазір Қазақстанда 2 белдеу өтіп жатқандықтан час пик екіге бөлініп тұр. Шығыс, оңтүстік, солтүстік деген сияқты өңірлерде бірінші басталады да сосын бір сағаттан кейін батыста басталады. Сондықтан энергия көзін, ресурстарын сақтап қалуға бірінші пайдасы. 

Қазақтың ұлан-ғайыр даласын 4 уақыт белдеуі кесіп өтеді. Алайда оның екеуі шекаралас аумақты ғана алып жатыр. Ал бірі биологиялық тұрғыда қолайсыз. Сондықтан негізгі белдеу барлығы үшін ұтымды, дейді мамандар. Бұл өзгеріс биыл 1 наурызға қараған түні күшіне енеді.

Еркебұлан Смадияров, Марат Диқанбаев