Алматыда 72 адам алаяқтың арбауына түсті

Алматыда 72 адам алаяққа алданып, көліктерінен айырылып қалды.

Бұл туралы қалалық полицияның баспасөз қызметі хабарлады. Айлакер бизнес жүргіземін деген желеумен жеке азаматтардың көлігін жалға алған. Жәбірленушілердің дені машиналарды несиеге рәсімдепті. Күдікті олардың несиесін де, ай сайынғы жалдау ақысын да төлеуге уәде берген. Алғашында төлеген көрінеді. Бірақ біраз уақыттан соң жалға алушы ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Көліктерін келісімшартпен сеніп тапсырған азаматтар полицияға арыз түсірген. Полицияның хабарлауынша, күдікті қолға түсіп, уақытша қамауға алынды. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әзірге қолды болған көліктердің үшеуі ғана табылды.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Қазіргі таңда осы жоғалған автокөліктердің қай жерде екенін анықтауға бағытталған тергеу шаралары, іздеу шаралары жүргізіліп жатыр. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды. Олар міндетті түрде табылып, олар бұғатталатын болады. Яғни, басқа жерге кетіп, сатылып кетпес үшін шаралар қолға алынады.