Бисен ауылында мәдениет үйі салынды
Батыс Қазақстан облысында былтыр 7 ауылда мәдениет нысанының құрылысы басталса, соның екеуі тапсырылды, деп хабарлайды 24KZ.
Жақында Бисен ауылындағы мәдениет үйі салтанатты түрде пайдалануға берілді. Нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 570 миллион теңгеге салынды. Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған ескі мәдениет ошағы апатты жағдайда деп танылған. Енді 300 орындық жаңа мәдениет үйі ауылдағы 3 мыңға жуық тұрғынның рухани қажеттілігін өтеп, түрлі маңызды шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Екатерина Мөкешева, мәдениет үйінің директоры:
- Бұған дейін 1973 жылы іргетасы қаланып, 1976 жылы пайдалануға берген мәдениет үйінде 50 жыл бойы қызмет етіп келдік. Енді көптің сұрауы бойынша киелі өнерімізді насихаттау мақсатында және ауылымыздағы дара дарын өнерпаздарды үлкен, биік сахналарға шығару, қанат қақтыру мақсатында ашылып отырған мәдениет үйі. Біз қуаныштымыз.
Рысты Имашева, Бисен ауылының тұрғыны:
- Осы мәдениет үйінің қызметкерлеріне үлкен жүк алдарында тұр. Себебі бұрын кішкене тар клубта жұмыс істейтін болса, енді бар мүмкіншілік қолдарына беріліп тұр. Олардан зор үміт күтеміз. Бұрын клубта тек концерт берумен шектелсе, енді түрлі үйірмелердің жұмыстары да жанданады деп есептеп отырмыз.