Көктемде Қырғызстаннан елімізге ағын су жеткізіледі
Көрші елдер тіршілік нәрінен тапшылық көрмейді. Оларға қажетті көлемде ағын су жіберіледі. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жергілікті ақпарат агенттігіне берген сұхбатында осылай деді.
Өз сөзінде Қырғыз басшысы суландыру жүйесін қалпына келтіруге уәде берді.
Қырғызстан фермерлері биыл көктемде бассейнге жиналған еріген қар суын пайдаланады. Ал ағын су Қазақстанға қарай жіберіледі. Президент дайындық жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілсін деген тапсырма берді. Бұл ретте жаңа нысандар салынып жатыр. Ал ескілерінде тазалау жұмыстары басталып кетті. Мұндағы басты мақсат – вегетациялық кезең кезінде су шығынын мейлінше азайту.
Гүлмира Сатымқұлова, Қырғызстан Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрлігінің өкілі:
- Су шаруашылығы нысандарының дені Кеңес Одағы кезінде салынған. Бүгінде солардың 90-95% жағдайы көңіл көншітпейді. 2021 жылдан бері бөлінетін қаржы көлемі 6-7 есе артты. Ақша негізінен нысандарды бетондауға жұмсалып жатыр. Бұл техникалық шығындарды азайтады.
Қырғызстанның суландыру каналдарының ұзындығы 6 мың шақырымға жуықтайды. Солардың 2,5 мыңы ғана бетондалған. Салаға бөлінетін қаржыға 650 шақырым су жолын бетонмен қаптау көзделіп отыр. Сонымен қоса 223 шақырымын коллекторлық-кәріздік желіден тазалау жұмыстары да жоспарланған. Бұдан бөлек, еріген қар суы жиналатын бассейндер мен гидротехникалық құрылымдар жөндеуден өтеді. Осының бәріне мемлекеттік бюджеттен 1 миллиард сом бөлінген. Бұл біздің ақшамен 5 миллиард теңгеден асады.
Ұлан Чортомбаев, Ирригация ғылыми-зерттеу институтының директоры:
- Шу аңғарында каналдың 141 шақырымы бетондалмаған, қара жер арқылы жүргізілген. Оны қалпына келтірсе, су жерге сіңіп кетпей, көрші елге оның 80%-і жету тиіс.
Келешкте Қырғызстан «Қамбат Ата-1» су электр станциясы салынғаннан кейін электр энергиясының негізгі бөлігін осы нысан арқылы өндіруге ниетті. Сонда Тоқтоғұл гидроэлектрстациясының жүктемесі азаяды. Сөйтіп, ол тек қыста суды жинау үшін ғана қолданылады. Ал вегетациялық кезеңде, демек көктемде көрші Қазақстан мен Өзбекстанға қажетті көлемде су жеткізіліп отырады.
Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Бақыт Чермашев.