Тері өңдеудің түйткілді тұстары

Батыс Қазақстан облысы еліміздегі ең малды аймақтардың санатына жатады.

Статистика деректеріне сүйенсек, Орал өңірінде 300 мыңдай жылқы, 1 миллион жарымға жуық қой-ешкі, 900 мың ірі қара бар. Алайда осы төрт түліктің өнімдерін терең өңдеу жағы кенжелеп қалған.

Мәселен Оралдағы екі бірдей тері өңдеу зауытының екеуі де тоқтап тұр.

2017 жылы ашылған мына тері өңдеу зауыты индустрияландыру картасына енген серпінді жобалардың санатынан. Әу баста мұнда тәулігіне 2 мың жарым дана қой, 750 дана сиыр терісі өңделеді, мың дана аяқ киім тігіліп, 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады делінген еді. Алайда ашылуынан жабылуы тез болды. Шикізат тапшылығы зауыттың адымын аштырмаған көрінеді. 

Тілек Темірғалиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Жұмысы тоқтап тұр қаржылық қиындықтарға байланысты. Тек мал сою кешендерінде механикалық алынған терілерді ғана қабылдайды. Үй жағдайында алынған терілерді ет ажырату кезіндегі зақымданулар өңдеу ісінде қиындық туғызуына байланысты қабылдамайды. Өндірілген тері мен жүнді қабылдау, қайта өңдеу - бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып тұр.

Орал өңірі еліміздегі ең малды аймақтардың бірі. Солай бола тұра шикізат тапшылығын тартуымыз қалай? Мамандардың айтуынша, ет комбинаттарында малдың терісін тартып сыпырады. Ал үй жағдайында сойылған малдың терісі кесілмесе де, пышақ тигесін жұқарып қалады. Сондықтан илеуге келмейді. Илесе де ең төменгі 5 сұрыпқа жатады, арзан бағаланады. Сондай-ақ күйдіріп басылған таңба мен оқыра, яғни малдың денесіне бөгелектердің дернәсілдерін қалдыруы да тері сапасын төмендетеді екен.

Ирина Гельман, тері өңдеу кәсіпорнының цех басшысы:

- Бізге келетін малдың 80% осындай кемшіліктері бар. Сол себепті біздің шығарған вет блю, яғни жартылай фабрикаттар 1-2 сұрыпқа жатпайды. Сондай-ақ мал жақсы тамақтанса, терісі де қалың болады. Әрі мал ірі болса, терісі 4 шаршы метрден жоғары болса, былғарыны жиһаз өндірісіне қолданар еді.

Егер Оралдағы тері өңдеу зауытының бірі шикізат тапшылығынан тоқтап тұрса, екіншісі дайын былғарыны өткізе алмай тығырыққа тіреліпті. Жылына 100 мың тері өңдейтін цехтың өнімдері бұрын Италия, Түркияға жіберіліп келіпті. Еуропалықтар одан аяқ киім тіккен. Алайда соңғы жылдары сұраныс азайып, баға 5 есеге құлдырапты.

Мержан Хамитов, тері өңдеу зауытының менеджері:

- Бізде итальялық жабдықтар орнатылған, неміс технологиясымен өңдейміз. Бірақ қазір тоқтап тұрмыз. Себебі әлемдік нарықта біздің өнімнің, яғни 3-4-5 сұрыпты жартылай фабрикаттардың бағасы 5 есе түсіп кетті. Бұрын вет блюдің бір шаршы метрі 15 доллар болса, қазір баға 3-5 доллардың төңірегінде. Бірақ өңдеуге, химикаттарға сондай шығын кетеді. Еуропадан сұраныс болмағасын, енді Қытай нарығына шығуды жоспарлап отырмыз.

«Өңделген теріге сұраныс болуы үшін алдымен шикізаттың сапасын арттыру қажет. Бұл ретте мемлекет тарапынан малдың денесіне күйдіріп таңба басуға тыйым салуды және оқыраға қарсы екпе егуді міндеттеуді сұраймыз», - дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов