Павлодарда робототехника бойынша облыстық чемпионат өтті
Павлодар қаласында робототехника бойынша өткен облыстық чемпионатта 120-дан астам дарынды жеткіншек жаңа 7 бағыт бойынша бақ сынады.
Жарыстың ерекшелігі сол, биылғы доданың шарттары күрделене түсті. Бағыттардың барлығы бұрын-соңды болмаған. Мамандардың айтуынша, чемпионатқа қатысқан 57 команда роботтарды құрастырып қана қоймай, оның қимыл-қозғалысын басқаратын бағдарлама әзірлеуге ден қойды. Чемпионат қорытындысы бойынша үздік командалар Астанада өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда өңірдің барлық қала-аудандарында робототехника үйірмелері ашылған. Техниканың тілін түсініп, инженерия саласын зерттеуге ниетті оқушылардың саны жыл сайын артып отыр.
Азамат Шаймұрат, ұйымдастырушы:
- Бұл – жаңа дисциплиналар. Оларға жаңағы, байқап отырсаңыздар, алаңдар әзірлену керек, жаңа роботтарды толыққанды жаңадан баптаулар жасау керек. Және де роботтың форматтары мүлдем басқа болып келеді. Сол себепті осы турнир алғашқы рет өтіп отыр. Биылғы бастамасы жақсы деп ойлап отырмыз.
Әли Үкібай, қатысушы:
- Басында басқа робот болған, ол робот істемей қалған үшін мына роботты бастадық. Осы роботты бір жарым күнде істеп үлгердік. Түнімен отырдық деп айтсақ болады. Сағат екіде жатып, сағат бесте тұрып. Бұл робот зигзагпен жүріп, ақ туды алып, қалған бөлшектерді басқа жерге тасу керек.