Жер сілкінісі түрлі жалған ақпараттың таралуына түрткі болды
Жер сілкінісіне қатысты әлеуметтік желіде біраз жалған ақпарат тарап үлгірді.
Әлдекімдер қалада ғимараттар қирап, көп адам зардап шекті деп халық арасында дүрбелең туғызуға тырысқан. Құзырлы органдар бұл мәліметтерді жоққа шығарып отыр. Әрі мұндай әрекетке барғандардың заңға сәйкес жазаға тартылатынын ескертеді.
Дүмпу салдарынан әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің жатақханасы қирап қалғаны және ішінде студенттер қалып қойғаны туралы ақпарат жұрттың зәресін ұшырды.
Алайда білім ордасының өкілдері бұл мәліметтің жалған екенін хабарлады. Қираған нысанның суреті Алматыда түсірілмеген болып шықты.
- Жалған ақпарат екенін растаймын. 4-этажда ешнәрсе құламаған. Барлығы орнында.
Сонымен қатар жер сілкінісінің таңға жақын қайталанатыны және оның күші 12 балға жетуі мүмкін екені жөнінде жалған ақпараттар желдей есті. Енді бірі эвакуациялық орындардың жабық тұрғанын айтты. Төтенше жағдайлар министрлігі мұның бәрі шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеді.
Нұрлан Атығаев, қалалық ТЖД бастығы:
- Қазіргі таңда сейсмикалық жағдай тұрақты. Қазір әкімнің басшылығымен штаб ашылды. Қаланың барлық мектептерінде, балабақшаларында халықты қабылдау пунктері ашылды. Барлық сұрақтар бойынша 78-20-83, 78-20-84 нөмірі бойынша хабарласуға болады.
Полиция қызметкерлері жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Алматы полиция департаментінің жедел бөлімшелері жаңа технологияларды қолдана отырып, кеше түнде қоғамда негізсіз дүрбелең мен үрей тудырған жалған хабарламалардың авторларын іздестіруде. Жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабы бойынша қылмыстық іс көзделгенін тағы да нақтылай кетеміз. 3 жылға ейін бас бостандығынан айыру мерзімі көзделуде.
Мамандар тиісті органдардың ресми ақпараттарынан басқа расталмаған мәліметтерге сенбеуге шақырады.
Еркебұлан Смадияров