Қауіпсіз қоғам - ана мен бала бақыты

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамы жаңарды.

Бұл туралы комиссия төрағасы Аида Балаева айтты. Бүгін елордада аталған комиссия өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылап, 2024 жылға арналған міндеттерді айқындады.

Зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балалардың құқығын қорғау тетіктері күшейтіледі. Ол үшін арнайы заң жобасы әзірленді. Сондай-ақ, 12 зерттеу ұйымын біріктірген ұлттық консорциум құрылды. Бұл жайлы ұлттық комиссияның кезекті отырысында айтылды. Жиында комиссия төрағасы Аида Балаева адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуга қатысты міндеттерге тоқталды.

Аида Балаева, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы:

- 2023 жылы комиссия қызметі нәтижелі болды. Мемлекет басшысы атап өткен басымдықтарға сәйкес былтыр әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді зерделеуге ерекше мән беріп, халықаралық ұйымдардың арасында сұранысқа ие диалог алаңына айналды. Сарапшыларымыздың қатысуымен әлеуметтік кодекс әзірленіп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы және қылмыстық кодекске  өзгерістер еңгізілді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы әзірленді.

Өткен жылы елімізде 69 әйел мен 7 бала қарабауыр ер азаматтардың қолынан қаза тапқан. Тұрмыста қорлық көріп, ерінің зорлығынан зәбір шеккен әйелдер де көп. Әке қатігездігінің құрбаны болған бала да аз емес. Жан түршігерлік жағдайлардың дені шалғай аймақтарда болады. Мамандар осылай дейді. Түйіткілді мәселенің түйінін тарқату үшін «Саламатты қазақстан» пойызы елді-мекендерді аралады. Онда әйелдер мен балаларға медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді.

Нәзипа Шанай, ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы, ұлттық комиссияның мүшесі:

- Зорлық-зомбылықтың ең сорақысы ауылдық жерде болып жатыр. Ауылда бір полицей болтаын болса, ол полицейге жанағы зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелге бара алмайды. Себебі бір ауылдың ішінде бәрі бір-біріне таныс, туыс. Барғанның өзінде «қойшы ертең жарасып кетесіңдер» дегенменмен, міне, солай өмір өтіп бара жатқан, соңы өлімге әкеліп соғатын жағдайлар толып жатыр.

Елде «One Stop Service» жобасы іске қосылды. Онда әйелдерге тегін құқықтық және психологиялық көмек көретіледі. Қазірдің өзінде 36 қылмыстық іс бойынша қолдау жасалды. Қоғамда дүрбелең тудырған 11 іс ерекше бақылауға алынды. Сондай-ақ, жоба аясында адвокаттарға арнайы әдістеме әзірленді. 

Айман Омарова, заңгер, ұлттық комиссияның мүшесі:

- Президент жанындағы ұлттық комиссия әйелдер мен балалардың құқығын қорғайды. Солай деп айтсақ болады. Бүткіл жасап жатқан жұмысымыздың барлығы соған бағытталады. Ол - бір. Екіншіден, осы жылы «One Stop Service» Өте керемет жоба, осыны бастадық. Жарты жыл болдық. 

Ал ІТ-мамандары әйелдер әлеуетін арттыру мақсатында «It-Aiel» бағдарламасын іске қосты. Онда нәзік жандылардың жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. Жаңа кәсіп игеріп, табыс табуына жағдай жасалады. Ілкімді істің игілігін қазірдің өзінде 2 мыңнан аса әйел көріп үлгерді. Сондай-ақ, балалар арасындағы буллинг пен суицид болдырмау мақсатында бірқатар бастамалар қолға алынды.

Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы