Петропавлдағы көпқабатты үйлердің ауласы мен жертөлесін су басты

Петропавлдағы жылу желілерінде екі ірі апат болып, тұрғындар жылусыз қалды.

Бұған қоса көпқабатты үйлердің ауласы мен жертөлесін су басқан. Коммуналдық апат кәсіпкерлердің де қалтасын қақты. Сауда орталығының бірінші қабатын су басып, тауарлар бүлінген.

Ауланы басқан ыстық су буланып, көз алдыңды көрсетпейді. Виталий Мельниковке бұл төтенше жағдайды әйелі хабарлапты. Дереу жетіп келгенімен үйге кіре алмаған.

Виталий Мельников, қала тұрғыны:

- Үйге жақындау мүмкін емес. Айналаның бәрі су. Рәзеңке етік кисеңде судың ыстығын сезесің. Подъездегі су деңгейі 10 сантиметрге көтерілген.

«Бұл жағдайға құбырдағы апат себеп», - дейді мамандар. Қазір қаладағы жылу желілерінің 74 проценті тозған.

Виталий Холоша, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директорының м.а:

- 20 шақты үй жылудан ажыратылды. Қазір бәрін қалпына келтіріп жатырмыз. Жалпы жылу желілерінің тартылғанына 50 жылдан асты. Дегенмен жыл сайын жоспарлы жөндеу жүргіземіз. Сонда да осындай қиындықтар туып отыр.

Қаладағы тағы бір ықшам ауданның тұрғындары жылусыз қалды. Бұл жердегі ауланы да су басқан. Сауда орталықтарында да жағдай қиын. Апаттың кесірінен бәрі қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Кәсіпкерлер шығынды уайымдап отыр.

Лиана Долганова, кәсіпкер:

- Әуелі су біздің сауда бутигімізді басты. Жақында миллиондаған қаржыға тауар әкелгенбіз. Енді оның қандай жағдайда екені беймәлім. Ішке кіргізбейді. Сауда орнын жөндегенбіз. Оның бәрі желге ұшты. Ең болмаса тауарымызды алып кетсек дейміз. Бүлінсе оның орнын кім толтырады?

Жауапты мекеменің мәліметінше қазір көпқабатты 28 үй, 6 жеке үй мен балабақша, сонымен бірге 11 нысан жылусыз қалған. Дегенмен басқа да шағын аудан тұрғындары әлеуметтік желілерге үйіміздің салқындағанына шағымданып жатыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Волкова, Қуаныш Қазбеков