Шымкентте автобус жүргізушілері жол ережесін жиі бұзады
Шымкентте автобус жүргізушілері жол ережесін бір күнде 268 рет бұзған.
Полицейлер ұйымдастырған рейд шарасының алғашқы күнгі нәтижесі осындай. Қоғамдық көлік жүргізушілері көбіне жылдамдықты шамадан тыс арттырып, қауіпсіздік белдігін тақпайды. Сонымен қатар жолда келе жатып хат жазысып, телефонмен сөйлескен. Тағы 20 жүргізуші автобусты техникалық байқаудан өткізбегені үшін айыппұл арқалады. Осыған қатысты тасымалдаушы компанияның екі лауазымды қызметкері жауапкершілікке тартылды. «Автобус» шарасы қала бойынша 25 қаңтарға дейін жалғасады.
Талғат Дәнебеков, қалалық ПД Патрульдік полиция полкі бастығының орынбасары:
- Бейнебақылау қаланың барлық жерінде. Одан кейін полк қызметкерлерімен бірнеше рет осы қоғамдық көлік жүргізушілерінің жіберген кемшіліктері бойынша хаттамалар толтырылған. Қазір жүргізушілер де өздері біледі. Ешкім тектен тек айыппұл арқалағысы келмейді. Әрине 7 күннің ішінде төлейтін болса 50%, 7 күннен асатын болса 100% толығымен өтейді. Хаттама толтырылған тұлғаның өзі төлейтін болады.