Автоөнеркәсіп саласы қарыштап дамып келеді

2025 жылдан бастап Қазақстанда жылына 70 мың Kia автомобилі шығарылады. 

Қазір Қостанай облысында зауыт салынуда. Құрылыс қарқынымен, өңірге жұмыс сапармен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов танысып қайтты. Оның айтуынша,  бұл республика үшін өте маңызды жоба. Әрі Еуразия құрлығындағы мұндай жалғыз зауыт болмақ. Сондай-ақ, Премьер-министр Allur зауытындағы Chevrolet Оnix автокөлігінің өндірістік жоспарымен де танысты. Онда тек қана ішкі нарыққа бағдарланған және қолжетімді бағамен автокөліктер шығарылмақ. Сериялық өндіріс көлемі 30 мың бірлік болғанда, конвейер жылына 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады. Үкімет басшысы өңірдегі ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын, компоненттер мен қосалқы бөлшектер шығаратын «АгромашХолдинг KZ» локализация орталығына да барды. Бүгінде кәсіпорын жылына 1 мың комбайн, 3 мың трактор, 300-ге жуық тұқым сепкіш және 200 жинаушы платформа шығара алады.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Өткен жылдың қорытындысына сәйкес елімізде автокөлік өндірісі 30%-ға өскен. «Жаңа өндіріс орындарын іске қосу автомобиль өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Ол қазірдің өзінде экономикамыздың стратегиялық маңызды саласына айналып отыр. Біз оның қарқынды дамуына және ел экономикасының орнықты болуына одан әрі ықпал ететін боламыз.

Ким Де Ки, «Kia Qazaqstan» ЖШС бас директоры:

- Kia Qazaqstan компаниясы өткен жылы сәуірде құрылып, қазан айында Қостанайда зауыт құрылысы басталды. Жобаға шамамен $200 млн инвестиция саламыз. 1,5 мыңға жуық жұмыс орнын құрып, сондай-ақ автомобиль өндірісіндегі өз тәжірибемізбен бөлісеміз.