«Табысты отбасы»: Ақмола облысында 50-ден астам тұрғын кәсіп ашады
Ақмола облысында биыл «Табысты отбасы» жобасы шеңберінде 50-ден астам тұрғын кәсіп ашады, деп хабарлайды 24KZ.
Олардың дені – көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандар. Кәсіп иелері алдымен бір айлық оқудан өтеді. Кейін қажетті құрал-жабдықтар алуға жарты миллион теңгеден астам грант беріледі.
Эльвира Мұқашева кәсіпке былтыр ден қоя бастады. 4 бала тәрбиелеп отырған ана қазір ірімшіктің 20-ға жуық түрін дайындайды. Енді әлеуметтік жоба аясында бизнесін кеңейтіп, шағын цех ашуға ниетті. Себебі табиғи өнімге деген сұраныс жоғары.
Эльвира Мұқашева, кәсіпкер:
- Біз көбінесе көпбалалы аналар балалардың күтімімен үйден шыға алмай, аздап қарайып қалғанбыз. Сол себепті осындай жобалар бізді үйден шығарып, білім алғызып, өз нанымызды өзіміз табуға үлкен септігін тигізіп жатыр.
Жалпы Эльвира сияқты жобаға қатысуға ниетті кәсіпкерлер көп. Мысалы, жыл басынан бері тек Көкшетау қаласы бойынша 35 адам арнайы оқудан өткен. Оларға негізінен қаржылық және құқықтық сауаттылық бойынша кеңестер беріледі. Сонымен қатар 3 айлық тәлімгерлік қолдау да көрсетіледі.
Бауыржан Ғайса, қала әкімі:
- Қалада жас кәсіпкерлер көбейіп келеді. Бір қуантарлығы, осындай жобаларға көпбалалы және жалғызбасты аналар, мүгедектігі бар жандар көп қатысады. Әрине, оларға бар қолдау жасалады. Сонымен қатар осы жобалардың арқасында бізде қосымша жұмыс орындары ашылады.
Осындай қолдаулар тек кәсіп ашуға емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да зор ықпал етеді, - дейді қала әкімі. Биыл облыс бойынша жаңадан 32 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Виктор Полянный.