Ақшатау кенті көп жылдан бері ауызсуға жарымай отыр
Қазір елді мекен тұрғындарының күні жалғыз су скважинасына тәуелді.
Оның өзі жиі тартылып, осының салдарынан тіршілік нәрі тұрғындарға жетпей қалады. Жергілікті билік 35 шақырым жерден су тасып амалдап отыр.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Ақшатау кентінде бір емес екі скважина бар. Оның екіншісі осы жақында ғана 105 метр тереңдікке дейін қазылыпты. Бірақ кезіндегі геологиялық жұмыстардың салдарынан жер асты су дебеті айтарлықтай төмендеп кеткен, ол жерден су шықпаған.
Осының салдарынан кенттегі 1 мыңға жуық тұрғын тіршілік нәрін жалғыз скважинадан алады. Оның суы резервуарды қажет мөлшерде толтыра алмайды. Оның үстіне қыс қарлы болмаса, жазда су тартылып, елдің аңқасы кебеді. Ал бау-бақша дегенді жұрт мүлде ұмытқан. Судың тек күнделікті қажеттілікке жетіп тұрғанының өзіне «шүкір» дейді.
Жұматай Хамзин, Ақшатау кентінің тұрғыны:
- Сол үйге қойып қоямыз бір тонналық суды. 10-15 күнге жетеді, әр-түрлі. Балалар болса аз күнге жетеді, бір демалысқа. Суға ақша төлейміз. Қанша шығатынын білмеймін, әйелім төлейді.
Кеңес Шабақов, Ақшатау кентінің тұрғыны:
- Су жетпейді. Бізге анау Ақжал деген 35 шақырым жердегі ауылдан тасып береді. Енді бір айдың ішінде шәйнек ауыр болып шыға келеді. Менің ойымша Ақшатаудың асты шахта ғой. Осы жерден 7-8 шақырымға 4 горизонтпен кетеді. Сол шахта суға батып кеткен. Соның суы біздің су алып отырған жерге қосылды деп ойлймын.
2018 жылы жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жер асты су қорын есептеу үшін бірнеше жерден ұңғыма қазылған. Бірақ оның біреуінен ғана аз мөлшерде су шыққан. Бұл маңда 35 шақырым жердегі Жәмші жерасты су көзінен басқа қор жоқ. Ол аумақтан кеңестік кезеңде тартылған құбыр әбден ескіріп, тоз-тозы шығып, істен шыққан. Жаңасын салуға кемі 2,5 миллиардтан астам қаражат қажет. Әрі судың құны бірнеше есеге қымбатқа түспек. Қысқасы: «бұл тиімсіз жоба», - дейді атқарушы билік өкілдері.
Дәурен Кәрсенбаев, Шет ауданы әкімінің орынбасары:
- Халықтың пайдаланып отырған суы 35-40 кубқа дейін кетіп қалады. Резервуарды толтырып беріп отырамыз. Алайда көпшілктің сұрап отырғаны үй-үйге тартса екен деп. Бірақ оған мүмкіншілік жоқ. Өйткені дебит жоқ деп отырмыз ғой. Қазіргі таңда шешім болады деп айта алмаймыз. Бірақ халық ауызсусыз қалмайды.
Жалпы Шет ауданында 61 елді мекеннің 80 пайыздан астамы ауызсумен қамтылған. Өткен 2023 жылы тағы 6 ауылға құбыр тартылған еді. Алайда оған Ақшатау кенті ілікпеді. Биыл да жоспарда жоқ. Кезінде 10 мыңға жуық тұрғыны, бірнеше кен орыны болған кент қазір болашағы бұлыңғыр елді мекен санатына қосылған.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар