Тұрмыстық зорлыққа қарсы қарағандылық тәжірибені өзге өңірлер қолданып көрмек

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қарағандылық тәжірибені елдің өзге өңірлері қолданып көруге ниетті.

Былтыр 100 мыңға жуық тұрғын өз отбасында қысым көргенін айтып шағымданған. Президент тұрмыстық зорлыққа қатысты заң жобасын күшейтіп қана қоймай, оның алдын алу шараларын да кешенді жүргізу керектігін айтқан. Осы ретте Қарағанды полиция департаменті жанынан ашылған «Отбасына көмек көрсету» орталығының жұмысы көпке үлгі.

Айжанның екі баласы бар. Жолдасының мүгедектігі бар. Отбасы тату. Бірақ күйеуінің ағасы жанұяның шырқын кетіріп отыр, дейді ол. Қара шаңырақта қалған ұл мен келінді қайын ағасы мен абысыны келіп мазасын алады. Әбден мезі болған ол «Отбасына көмек көрсету» орталығындағы әйелдер полициясына арызданған.

Айжан, қала тұрғыны:

-  Үйді сатамыз, басқа екі бөлмелі аламыз деп абысыным мені тіркеуден шығарып жіберіпті. Ал жолдасым инвалид, екінші группа. Айтады үйден бәрін шығару керек, тек бір адам ғана төлеу керек деп квартплатаны деп айтады екен. 

Қарағандыдағы «Отбасына көмек көрсету орталығы» еліміздегі бірегей жоба. Мұнда теолог, психолог, жеке сот орындаушылары мен ерікті заңгерлер жұмыс істейді. Соның нәтижесінде былтыр 20 млн теңгеге жуық алимент өндірілді. Айырылысудың алдында тұрған ондаған отбасы шаңырағын сақтап қалды. 

Санжар Әділов, облыстық полиция департаментінің бастығы:

- Осындай орталықтың ашылуы жалпы криминогенді ахуалға әсер етіп, қылмыс азаяды деген үлкен сенім бар. Бізде қоғамда «ұят болады», «не үшін барасың», «отбасындағы проблеманы үйден шығармау керек» деген пікір бар. Ол дұрыс емес. Осындай орталықтарда адамдар ашылады. 

Былтырғы 5 айда орталыққа 700-ге жуық адам жүгінді. Олардың мәселесі де әртарапты. Биыл да 110 адам кеңес алған. Алдағы уақытта осындай орталықты облыстың өзге қалаларында ашу жоспарланған, дейді полиция департаментінің бастығы.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар