Мақаншы ауданында бірнеше жаңа ғимарат бой көтереді

Президент Жарлығымен құрылған Мақаншы ауданында бірнеше жаңа ғимарат бой көтереді.

Нысандарды салатын орын да белгіленген. Шекаралық аймақ алдағы уақытта қандай бағытта дамиды?

Азамат Қасым, тілші:

- Аудан орталығында мынадай пайдаланылмай, бос тұрған ғимараттар аз емес. Көбі жеке меншікке өтіп кеткен. Қазір осындай нысандардың тізімі әзірленіп жатыр. 

Бұл ғимараттар келешекте аудан әкімдігінің қарамағына алынуы мүмкін. Алайда мұның өзі мәселені толық шешпейді. Сондықтан қазір жаңа нысандар орналасатын орын қарастырылып жатыр. 

Болат Биболов, Мақаншы аудандық мәслихатының төрағасы:

- Мақаншыға кіре беріс жерде жер бөлінген. Сол жерде неғұрлым бүкіл осы ғимараттардың бәрін сол бір жерде деген жоспар тұр. Өйткені қараңыздар, ауыл ауылдан келеді халық. Сондықтан бір ғимарат Мақаншының бір шеті, екінші ғимарат екінші шетінде болмайды.

Жаңа ауданға жаңа серпіліс қажет. Өйткені Мақаншы аудан мәртебесінен айырылған 26 жылда инфрақұрылымның тоз-тозы шыққан.

БЛИЦ:

- Қуанып жатырмыз. Халық та қуанып жатыр. Баршамыз білесіздер, өздеріңіз де білесіздер, біраз уақыт тостық, күттік. Енді болашақта әлеуметтік жағдайымыз, барлығы дұрысталады. Халық та кеңейеді деген ойдаймыз. Әсіресе жастарымызға, болашақтағы ұрпақтарымызға осының бәрі жақсы нәтижесін, оң нәтижесін көрсетеді деген ойдамыз.

- Халқымыз енді шындығы керек, ауыл шаруашылықпен ғана, малмен ғана отыр ғой негізі. Сол жастарға деген жұмыс болады деген үміттеміз. Спорт жағын көтеру керек. Жастардың бәрі спортқа жақсы ғой. Коньки жағы жоқ. Қысқы спорттың несі жоқ. Солардың бәрін салса.

Халық саны азайып, Мақаншы ауданына қарасты ауылдардың өзінен көп адамдар көшіп кетті. Осы мақаншыға қарайтын ауылдардың өзіне мән беріп, кішкене халық санын көбейтсе жақсы болар еді негізі. Больница, аурухана жаңағы мектептеріміз, содан кейін жаңағы бірталай мекемелер ашылуы керек. Мекемелер жетпей жатыр. Бұзылып кетті көп зданиялар. Соның бәрі жаңғырады деген ойдамыз. 

Мақаншы ауданында 11 ауылдық округ бар. Ондағы 18 елді мекенде 26 мыңнан астам халық тұрады. Өңірде әсіресе ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. 

Әбен Разуев, Мақаншы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Біздің мынау Тарбағатай бөктерінен ағып шығатын бес-алты өзеніміз бар. Қатынсу өзені, Көктерек өзені. Ақшоқының өзені, Келдімұраттың өзені. Осы сияқты өзендерде кезінде басталған бөгеулерді қайтадан қалпына келтіретін болса, Мақаншы өңірінің суармалы жері кемінде 60 пайызға артады. Ал суармалы жер деген ол ертең еліміздің әлеуеті. Жаңағы астық деген сөз. Азық-түліктің мүмкіндігі шешіледі деген сөз.

Шекарадағы аймақтың экономикалық әлеуеті де зор. Жақында ұзындығы 270 шақырым болатын «Аягөз-Бақты» темір жолының құрылысы басталды. Стратегиялық нысан іске қосылғанда Мақаншы ауданында 3 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Азамат Қасым, Медет Өмірханов