Қарағанды облысындағы Ақшатау кентінде оқушылар радиация ошағында оқып жүр
Қарағанды облысына қарасты Ақшатау кентінің оқушылары жылдар бойы радиация ошағында оқып жүр.
Ескі шахтадан тараған радон білім ошағының жертөлесіне, ауылға жайылып тұрғындарға қауіп төндірген.
«Мұндағы үйлер мен әлеуметтік нысандарда радиоактивті заттың мөлшері қалыпты жағдайдан 2-3 есе көп. Ал мұның соңы қатерлі ісік пен басқа да аурулардың көбеюіне әкеліп соғуы мүмкін», - дейді мамандар.
Бұрын 10 мыңдай тұрғыны болған Ақшатауда казір мыңға жуық адам қалды. Мектепте 90-нан астам оқушы бар. Мамандар радиация мөлшері жоғары болғандықтан оқу ордасының бірінші қабатында сабақ өткізбеуді ұсынған. Сол себепті біраз кабинет жабық. Әсіресе қыста есік-терезе мен желдеткіштер жабылғанда улы газдың мөлшері тым көбейіп кетеді.
Гүлнәр Әжікеева, Ш. Уәлиханов атындағы мектеп директоры:
- Былтырғы жылдан бері бізде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Зерттеу жұмыстары жүргізіліп, соның негізінде бізде үлкен ремонт жұмысы өткізіледі. Балалардың толық қауіпсіздігі сақталуда.
Жылдар бойы қордаланған мәселе биыл шешіле бастады. Мамандар білім ошағы ғимаратына 50 жерден арнайы өлшеу құралдарын қойып, радиация мөлшерін нақтылаған. Соның негізінде мектепке желдеткіштер орнатуға, күрделі жөндеу жұмыстарын істеуге сметалық құжат әзірленді.
Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:
- Бұл мектептің жертөлесі. Кеңестік кезеңде мұнда да радон мәселесі болған. Бірақ олар осындай желдеткіш арқылы оны сыртқа шығарып отырған. Қазір бұл жер жабық болған соң газ бірінші кезекте осында жиналып, содан кейін жоғары қабаттарға көтеріледі. Сондықтан мамандар қазір бұрынғы жүйені қалыпқа келтіріп, заманауи желдеткіш орнату керек екенін айтып отыр.
Елдос Смағұл, Шет ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Радонның мөлшері кабинеттерде, асханада, спорт залында, жертөледе, дәліздерде қанша екені толық зерттеліп, сараптама қорытындысын берді. Сараптама жасалған сметалық құжаты бар. Бұл 560 миллион теңгеге шығып тұр. Биыл 2024 жылы соның 60 миллионы бөлінді. Сол қаражатпен алғашқы жұмысты бастағалы отырмыз.
Ақшатауда 60 жыл бойы вольфрам мен молибден өндіріліп жабылып қалған. 2012 жылы шахтаға жақын орналасқан 18 үй басқа ауылдарға көшірілді. Себебі жерасты тиктоникалық жарықтарынан ауаға радон тараған. Ал бұл өте радиоактивті элемент. Мамандардың айтуынша үйлер мен ғимараттарда оның мөлшері 200 беккерельден, ал далада 100 беккерельден аспауы тиіс. Бірақ жүргізілген өлшемдер зиянды заттың 2-3 есе көп екенін көрсеткен.
Айгүл Шәтекова, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми өкілі:
- Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жергілікті бөлім мамандары ол жерді назарда ұстауда. Әр тоқсан сайын морниторинг жүргізіліп тұрады. Мектепте сабақтарды өткізуге, оқуға рұқсат берілген. Себебі 2-і қабатта радон мөлшері шамадан тыс емес, нормаға сәйкес.
«Радиация салдарынан қатерлі ісік, өзге де аурулар белең алуы мүмкін. Қазір жергілікті тұрғындар арасынан бір адам онкологиялық дертке шалдыққан. Сондықтан ауа мен су үнемі бақылауда болуы тиіс. Одан тыс шахта аумағын оқшаулап, үйлер мен ғимараттарды залалсыздандыру тұрақты жүргізілуі керек», - дейді мамандар.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар