Тараздағы апатты көпірдің ахуалы
Таразда тәуелсіздік алғалы жөндеу көрмеген көпір бар.
Қала маңындағы Шөлдала алабындағы өткел қазір құлауға шақ тұр. Бірақ әлі күнге жүк көліктері өтіп, тұрғындар қалаға қатынауда. Ал жергілікті билік темір жол үстінен өтетін нысанды теңгерімге алудан бас тартуда.
Салтанат Ысқақова Шөлдала алабына 23 жыл бұрын қоныстанған. Айтуынша аумақтағы осы жалғыз өткел темір жолдың арғы бетімен байланыстырады. Тұрғындар жақын жолмен Құмшағал ауданындағы әкімдікке барса, әскерилер шекара бекетіне қатынайды. Ал төрт түлігі барлар жайылымға өтеді. Бірақ бүгінде көпірдің бірнеше тұсынан жарықшақтар пайда болып, бетон жабындылар үгітіле бастаған.
Салтанат Ысқақова, қала тұрғыны:
- Бұның үстінен камаз да өтеді, зил да өтеді. Барлығы мынау шебзаводтан мысалы топырақ тасиды. Қызыл топырақ тасиды, тас тасиды. Жазда балалар осы жерде жүреді мынаның шетінде. Мынада ешқандай қоршау жоқ. Бізге қоршау керек. Былтыр ма екі жыл болып қалды. Осының темірлерін бәрін ұрлап кеткен.
Мамандар аспалы көпірді 20 жыл бұрын апатты деп тыныған. Сөйтіп көліктің барлық түріне өтуге тиым салынды. Бірақ оны ескеріп жатқан ешкім жоқ. Себебі ешқандай қоршауы жоқ. Әрі «өтуге болмайды» деген арнайы белгісін күн жеп көрінбей қалған.
Кеңестік кезеңде салынған бұл көпір бүгінге дейін бір де бір рет жөндеу көрмеген. Салдарынан қазір апатты жағдайда тұр. Тұрғындардың сөзінше, бірнеше жыл бұрын жақтаусыз өткелден жеңіл көлікпен өтемін деген тұрғын құлап қаза болған.
Қала билігі, нысанның кеңестік кезеңде шағыл тас өндіретін зауыттың балансында болғанын айтады. Кейін кәсіпорын жабылған соң қараусыз қалыпты. «Көпір қала шетінде болғандықтан әкімдік теңгеріміне алып жөндеу тиімсіз. Десе де апатты нысан адам өміріне қауіпті болғанымен, төрт түлік үшін таптырмайтын өткел», - дейді әкімдіктегілер.
Қайрат Исмаил, қала әкімінің орынбасары:
- Көпірді жауып тастайық десек оны жалпы малды айдап өтетін қауіпсіз жол болып тұр. Сондықтан мал айдап өтетін жол ретінде халық пайдалануда. Сондықтан оған біз көпірді жауып тастамай жалпы шектеу белгілерін қойғанбыз. Шекарамен тұйық жолға барып тірелеміз. Сонда оны алдағы уақытта жөндеуге бұл экономикалық тиімсіз болғандықтан біз оны алдағы уақытта жөндеуді жоспарлап отырған жоқпыз.
Нақтысы тұрғындар тілегі орындалмайтын болды. Жергілікті билік құлағалы тұрған көпірді жөндемейді. Тек енді қауіпсіздік үшін полициямен бірігіп өткелден өтуге тиым, өткендерге айыппұл салмақ. Сондықтан тұрғындарға темір жолдың арғы бетіне өту үшін 10 шақырым жердегі көпірмен айналып жүруге тура келеді.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә