Қарағанды облысында 328 млн теңгенің конкурсы жойылды

Қарағанды облысында 328 миллион теңге бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмеді.

Ақтоғай ауданының прокурорлары ешкімнің балансында жоқ тасжолды жөндеуге жарияланған конкурстың күшін жойды. Оған қоса сол 40 шақырым жол учаскесінің жобалық-сметалық құжаттары болмаған. Ал жергілікті билік Ақжарық-Аппаз жолын балансқа алу бойынша құжаттар жақын арада рәсімделетінін айтқан. Егер жол жөнделсе, Ақтоғай тұрғындары Қарқаралыға бұрынғыдай 500 шақырым жол жүрмей, осы 40 шақырым төте жолмен жете алады, дейді олар. 

Ерлан Түсіпов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

- Жолдың бұл учаскесінде жергілікті және облыстық деңгейдегі құзіретті орган балансында жоқ екені анықталды. Қолданыстағы нормаларды бұза отырып, Ақтоғай ауданы экономика бөлімі құрылыс жобалық сметалық құжаттама жоқ тас жол салуға әрекеттенген. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылды.