Семейлік мұғалім физика пәнін ерекше тәсілмен оқытады

Сабақ кезінде әртүрлі комикстарды қолданады.

Жас ұстаздың креативті бастамасы оқушылардың қызығушылығын арттырған. Оның айтуынша, бұл әдіс баланың сыни тұрғыда ойлауына, шығармашылығын шыңдауға көмектеседі.  

Жасқайрат Нәубетовке бұл идея әлемді әбігерге салған пандемия кезінде келіпті. Онлайн сабақ кезінде оқушыларды қызықтыру мақсатында бастаған қадамы мұншалықты сұранысқа ие болады деп ойламағанын жасырмады.   

Жасқайрат Нәубетов, физика пәнінің мұғалімі:

- Сол кезде менің алдымда осындай тапсырма тұрды. Балалар не үшін басқа қызық нәрселердің арасында әртүрлі сериалдардың, комикстардың, ойындардың ішінен не үшін менің сабағымды оқу керек деген алдымда бір тапсырма тұрды. Ол кезде ойладым, ендеше мен балаларға өздерінің қызығатын нәрсесі арқылы жақындап көрейін деп. Соның арқасында сол кезде мемдар арқылы оқыту, әлеуметтік желілер арқылы оқыту деген сияқты идеялар болды.

Креативті ойлайтын мұғалімнің ерекше тәсілі бірден оқушылардың көңілінен шығады. Өйткені, сабақ кезінде оқушылардың өздері де комикс салады.

Мұхамедәли Акимчинов, 9 сынып оқушысы:

- Комиксті жазған кезде біз өзіміз ұққан тақырыпты өзіміздің ойымыз креатив арқылы комисктарды сол ақ параққа салып береміз. Оны бағалай отыра біз сол тақырыпты өзіміздің ойымыз қатып қалған қара сөздер арқылы емес, өзіміздің ойымызша ұғамыз тақырыпты. Маған ең қатты ұнағаны, мысалы тығыздық тақырыбы. Тығыздық тақырыбының формуласы масса бөлінген волм ғой. Оны жүректі екіге бөлген кезде масса бөлінген волм өте қатты есте қалады.

Жасқайрат Нәубетов екі жылдан бері 7, 9 сынып оқушыларына осындай тәсілмен сабақ береді. Әсіресе «Тығыздық», «Ньютон заңдары», «Энергия сақталу заңы», «Архимед заңы» секілді тақырыптарға комикс қолданады.

Жасқайрат Нәубетов, физика пәнінің мұғалімі:

- Балаларға берген кезде олар өздері қағазға шаблон берем. Комикстің шаблонын. Соған бірінші тақырыпты жазады. Қасына соның анықтамасын жазады. Астында бес бөлікке бөлінген бөлік тұрады. Сол жерге өз суреттерді салып, жаңағы суреттерді сөйлету керек. «Пиксон» деген бағдарлама арқылы комикстарды құрастырам. Ол жерде ішінде дайын суреттерді әртүрлі қозғалыстарға келтіруге болады. Әртүрлі сөз жазуға болады.

Мұғалімнің тың бастамасына республикалық баспалар қызығушылық таныта бастапты. Оның жинаған комикстері алдағы уақытта оқулық ретінде жарық көруі мүмкін.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов