Жемқордың әлеуметтік портреті жасалды

Жемқорлық психологиялық ауру емес және ұлт таңдамайды. Психолог бармақ басты, көз қысты әрекеттерге қатысты осылай дейді.

Айтуынша, қатаң бақылау болмаса, билік пен ақша кез келген адамды тойымсыздыққа апаруы мүмкін.

Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының басы-қасында жүрген маман мұндай қылмысқа көбіне мемлекеттік қызметкерлер баратынын айтып отыр.

Жең ұшымен жалғасқан жемқорлыққа қарсы күрес шаралары әр салада жүріп жатыр. Соның ішінде цифрландыру әдісі біраз заңсыз әрекеттің жолын кесті. Әйткенмен әлі де түйіні тарқай қоймаған тұстар аз емес.

- Заңға нормалар енгізіліп жатыр. Олардың бәрі болашақта жемқорлықты жеңуге көмектеседі деп ойлаймын.

- Мен, шынын айтсам, ондай бір күрес шараларын көріп жатқан жоқпын. Тек естіп жатырмыз ғой, осы нәрсені жасап жатырмыз деген.

- Әсер етіп тұр, иә, үлкен. Ол, меніңше, жоғары жақтарда көбірек сияқты.

Психолог жемқорлықтың ешқандай ауру емес екенін кесіп айтты. «Дерт ретінде қарасақ, оларды өз қолымызбен ақтап алғанмен тең», - дейді ол. Айтуынша, ең негізгі себеп – қолындағы биліктің сырттан қатаң қадағаланбауы.

Ержан Мырзабаев, психолог:

- Жемқорлыққа әуестік әр адамда бар нәрсе. Нақты мына адамда жемқорлық бар, мына адамда жоқ деп айтуға болмайды. Адамды билікпен және қаржымен жалғыз қалдыратын болсаңыз, ешқандай бақылаушы, қадағалаушы факторлар болмайтын болса, әрбір адам жемқорлық жасауы мүмкін. Психологиялық танымда жемқорлық деген ауру жоқ ондай. Барлық нәрсені ала беретін, өзін тоқтата алмайтын деген сияқты. Жемқорлық қылмыс ретінде қаралу керек.

«Әділдік жолы» бірлестігі жүргізген мониторинг нәтижесіне сүйенсек, бармақ басты, көз қысты әрекеттердің көбі жергілікті атқарушы органдарда тіркелген екен. Қоғамдық ұйым мамандары жемқорларды былай сипаттады:

Ербол Сардарбеков, «Әділдік жолы» РҚБ департаментінің басшысы:

- Өз тәжірибемнен айтып кетсем, біріншіден, ол – мемлекеттік қызметкер. Өйткені ол субъект болу керек, иә. Ал екіншіден, жалақысы бар, жұмысы бар, бірақ алған заттары сәйкес келмейді өзінің жалақысына. Мысалы, 500 мың, 200-300 мың айлық ала тұра, «Лексустар» мінеді 50-80 миллионның. Көбіне білімді адам, әрине.

Сарапшылар сыбайлас жемқорлықтың ірілі-ұсағы болмайтынын ескертеді. Бұл тұста қарапайым тұрғындардың да жауапкершілігі жоғары деген пікірде.

Кәкімжан Бишманов, заң ғылымдарының кандидаты, профессор:

- Мен осыдан 10 жыл бұрын ЦОН-да жұмыс істегенмін. Содан осы күнге шейін кісілер хабарласады маған, таныстар. ЦОН-ға бара жатыр едік, осындай қағаз керек еді, осындай құжат керек еді, соны алып беруге көмектесші дейді. Қалыптасып қалған, көрдіңіз бе?! Мен айтамын, менің керегім не? Барасыңдар да, аласыңдар. Қазір бәрі ашық, бәрі тегін. Қоғам сондай ғой. Қоғам өзі барып іздейді сол жолды.

Лауазымды адам өзі көрсеткен қызметі үшін ештеңе дәметпеген күннің өзінде оған сый-сияпат ұсынып жататындар тағы бар. Алайда заң аясында ол да қылмыс ретінде қаралады.

Ержан Мырзабаев, психолог:

- Әрбір ұлтта жемқорлар бар. Сый-сияпат, қарым-қатынасты жақсартатын нәрселер ортақ мүддесі болмаған адамдар тарапынан болады. Бірақ ортақ бір мүдде болатын болса, сенің қолыңда билік бар, мүмкіндік бар, маған сол керек, соны алу үшін, соған қол жеткізу үшін сыйлық беріп жатсам, бұл жемқорлық болып саналады.

Жалпы алғанда, сыбайлас жемқорлықпен күресудің тиімді тетіктері – қатаң заң мен тәртіп, сондай-ақ тиісті органдар мен қоғамның бірлесе күш жұмылдыруы, - дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров.