Ботақара кентінде төтенше жағдай жарияланды

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.

Бұл бір сәтте үй-күйсіз қалған жандарды дереу қайта баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Қазір зардап шеккен отбасыларға уақытша үй беру мәселесі реттеліп жатыр.

Еске салсақ, бүгін түн жарымында пәтердің бірінде 27 литрлік пропан газы жарылып, салдарынан 2 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алған болатын.

Бұл 2 қабатты үй 2014  жылы пайдалануға берілген. Шекер Уәлиева 10 жылдан бері көршілерімен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан едік дейді. Бірақ үйдің шаңырағы бір сәтте опырылып ортасына түсті.

Шекер Уәлиева, Ботақара кентінің тұрғыны:

- Танимын, бәріміз көршіміз ғой. Алма мен Төлеген екеуі ерлі зайыпты. Балалары бар. Бір ұлы болған, үш немересі бар. Келіні бар. Қазір олар больницада шығар

Апат болған кезде мұнда 35 адам болған. Оның үшеуі жас бала. 12 пәтерлі үйдің бел ортасындағы пәтерлері әсіресе қатты зардап шеккен.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- ТЖ мамандарының сөзінше мына 2 қабатты үйдің дәл ортасындағы үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Осы кезде тұрмыстық газ баллоны жылысын деп пештің жанына қойып қояды. Алдын ала болжам бойынша сол газ баллоны жарылған. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан екі азамат ауыр жарақаттанған болса , бірінші қабаттағы ерлі-зайыптылар өкінішке қарай қаза тапты.

Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан екі ер адам Өзбекстан Республикасының азаматтары болған. «Қазір оның біреуінің жағдайы аса ауыр», - дейді дәрігерлер.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Екі ересек науқас Бұқар жырау ауданында стационарлық ем алуда. Олардың ең көп зардап шеккені 80 пайыз күйік шалды. Оның жағдайы өте ауыр. Екінші науқас 26 пайыз күйік алды, жағдайы ауыр бірақ тұрақты.  Зардап шеккен бала санавяция арқылы ОБКА ауырлығы орташа дәрежеде жеткізілді. Қазір реанимация бөлімшесінде. Бүкіл медициналық көмек толық көрсетілуде.

Бұл аудан осыдан 10 жыл бұрын бой көтере бастаған. 2 қабатты 12 үйдің 10-ы орталық жылу жүйесіне қосылыпты. «Апат болған үй де жүйеге қосылу үшін кезекте тұрған»,- дейді аудан әкімі. Бірақ ендігі қажеттілік басқа мәселеге тірелді.

Абылай Сұлтанғали, Бұқар жырау ауданының әкімі: 

- Қазіргі таңда біз ол кісілерге жалдамалы үй мәселесін шешіп береміз, әрі қарай толығымен шешеміз. Ол біріншіден мына үйді мамандары сараптамалық жұмысын жүргізу керек. Бұл жерде әлеуметтік жағдайы төмен әр санаттағыларға салынған үй, сол себепті сол санаттағыларға ғана беріледі.

Қазір кісі өліміне әкеп соққан ТЖ негізінде қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала болжам бойынша 27 литрлік пропан газы қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан жарылған.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар