БҚО-да жеделсатылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен
Батыс Қазақстан облысында көпқабатты үйлерде 915 жеделсаты болса, соның 265-нің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен.
Жүруінен тұруы көп лифтілерді жаңарту ісі соңғы жылдары тұралап қалды. Себебі былтыр бұл мақсатқа қаражат бөлінбеген.
Орал қаласы Әлия Молдағұлова көшесіндегі мына 9 қабатты үй 1994-ші жылы салынған. Содан бері жеделсатыларының пайдалану мерзімі өтіп, әбден ескірген. Мамандар жамап-жасқап, амалдап отыр. Кейде есігі жабылмаса, кейде тұрып қалатын да кездері болады.
Мұратбек Қарабалин, қала тұрғыны:
- Қиын, әрине, лифт ішінде қалып қояды. Өзім жағдайым да болды. Балам екі рет қалып қойды кішкентай балам. Сонда қорқып қалады лифтерлар келгенше, шығарғанша. Сондай-сондай келеңсіз жағдайлар болады. Соның бәрі лифт ескіргендігіне байланысты. Сондықтан жаңа лифт қалаймыз.
Былтыр облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мамандары Молдағұлова 9-дан басқа тағы 4 үйде жеделсатыны жаңартуды сұрап, жобалық-сметалық құжаттарды жоғарыға жолдаған екен. Алайда 72 милион теңге көлеміндегі қажетті қаржы тек биыл бөлінді. Одан басқа биыл тағы 4 лифтіні жаңғыртуға бюджеттік өтінім жіберілген.
Асхат Ізбасаров, «ОралҚұрылысЖөндеуСервис» кәсіпорнының бас инженері:
- Қаржы жуырда ғана түсті. 5 жеделсатыдан басқа, 21 үйдің шатырын ауыстыруға 879 миллион теңге бөлінді. Жаз шыға құрылыс жұмыстарын бастаймыз. Ол қаржы пайызсыз несие түрінде беріледі. Лифтіге келсек, бір жеделсатының құны 20-24 миллион теңге аралығында. 5-ші, 9-шы қабат тұрғындары бөліп төлейді осы ақшаны. Айына шамамен 5 мыңнан келеді әр пәтерге.
Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы басталған 2012 жылдан бері Орал қаласында 43, Ақсай қаласында 68 жеделсаты жаңартылған. Алайда әлі де лифтілердің 29% ауыстыруды қажет етеді. «Бұл жұмыстар тұрғындардың тілегі бойынша ғана жүзеге асатындықтан, әркім әр жаққа бұра тартпай, бір шешімге келуі аса маңызды», - дейді мамандар.
Қанат Өмірәлиев, БҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Біз неге кредит төлеуіміз керек деп, кредит ретінде санады. Көбі келісім берген жоқ. Басты мәселе 23-ке дейін 2/3 дауыс керек еді. Мысалға айтайық 100 пәтер үй болатын болса 70 адам шешім қабылдауы керек еді төбесін күрделі жөндеуге, не жеделсаты ауыстыруға. Қазір 2023 жылы тұрғын үй қатынастары туралы заңға өзгеріс енді. Бір подьезді ауыстыруға мүмкіндік бар. Одан бөлек 2/3 алып тастады. Көбі дауыс берсе, ауыстыра алады. 50% асса болды.
Қауіпсіздік қағидаттарына сәйкес лифтінің жарамдылығы 25 жыл. Ал Орал мен Ақсай қаласында 915 жеделсаты болса, соның 265-інің қолданылу мерзімі асып кеткен.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев