Алматыдағы дағдарыс орталығынан тұрмыстық зорлық көрген 450-ге жуық әйел көмек сұраған
Былтыр Алматыдағы дағдарыс орталығына тұрмыстық өмірде зәбір көрген 450-ге жуық әйел келіп, көмек сұраған.
Қоғамдағы бұл проблеманы шешу жолы қандай?
Екі баласы бар жаркенттік тұрғын дағдарыс орталығына екі ай бұрын келіпті. Себепсіз қол көтеретін күйеуінен алыстап, жаңа өмір бастамақ. Қазір үлкен баласын дағдарыс орталығының көмегімен арнайы мектепке орналастырған. Ал екінші баласын балабақшаға бермек. Өзі бала күтуші болып жұмысқа орналасыпты. Күйеуінің таяғынан зәрезап болған ол от жаққан ошағыма енді қайтып оралмаймын, - дейді.
Дағдарыс орталығының тұрғыны:
- 7 жылда бәрін кешіріп, сөйтіп жүрдім. Ұрып қол көтерді. Постоянно көтеретін болып кетті, кейін шыдай алмай кеттім де, кетіп қалдым. Жұмыстан келеді де причина іздейді, тамақ дұрыс емес деп. Баламды айтып, диагнозын айтып тиіседі. Басқа әйелдер анандай сен ондай емессің деп намысыма тиеді. Әке-шешемнің жоқтығын айтады. Көріп өсті, содан балам сөйлемей қалды.
Бұл жерді паналап келген әйелдердің тағдыр-тәлейі әртүрлі. Мұнда күйеулері ғана емес, туыстарынан да жәбір көргендер тұрады.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Дағдарыс орталығында қазір 37 тұрғын бар, оның 12-сі әйел, 25-сі бала. Бұл дегеніңіз осынша тағдыр тұрмыстық зорлыққа ұшырап, қалыпты өмірден қол үзді деген сөз. Айтпақшы, орталықтың тұрғындары біздің кадрдан тыс қалды. Себебі олардың қауіпсіздігі басты назарда. Жуан жұдырықты агрессор тауып алмас үшін, тіпті орталықтың мекен жайы да құпия сақталады.
Зорлықшының таяғынан өлімші жағдайға жетіп, әупірімдеп беті бері қарағандар да кездеседі. Ең сорақысы - әйелдің өзі бұл жағдайды қалыпты деп қабылдауында, - дейді психологтар.
Маржан Ізтілеуова, дағдарыс орталығының психолог маманы:
- Агрессорлар жертваларының миына құйып қояды, сен кінәлі болғандықтан, осындай жағдай болды деген сияқты. Сен өзгергенде басқаша болатын еді деген сияқты. Сол себепті олардың өз-өзіне деген сенімділігі болмай, барлық жағдайда өзін кіналап өтеді. Ең бастысы, оның стрестік күйін, эмоционалдық, қандай жағдайда орныққан, сол жағдайдан тығырықтан шығуға көмектесу. Былайша айтқанда, ресоциолизация. Барынша мамандармен бірлесе отырып, ықпал етеміз.
Орталыққа келген әйелдер мен балалар алдымен бейімделу кезеңінен өтеді. Өз өзіне келіп алған соң, психолог мамандар мәселенің мәніне үңіліп, жан жақты көмек көрсетеді. Қажет жағдайда заңгерлер де қол ұшын созады. Қызметтің бәрі тегін. Бірақ, әйелдерді оңалту арқылы, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шеше алмаймыз, - дейді, дағдарыс орталығының басшысы.
Зүлфия Байсақова, дағдарыс орталығының басшысы:
- Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қылмыстық сипат беріп, заң бойынша жаза тағайындау қарастырылуда. Сонымен қатар біз Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында рұқсат етілген қоғамдық жұмыстарды енгізуді ұсынамыз. Және, әрине, агрессорлардың мінез-құлқын өзгертуі міндетті норма ретінде қабылдануы керек.
Орталық мамандары арнайы түзету бағдарламасын жасап, үш жыл бойы бірнеше ерлі-зайыптымен жұмыс жүргізген. Жұптық жұмыс нәтижесінде отбасында зорлық-зомбылық жасау тыйылған. Жанұяны сақтап қалуға арналған мұндай бағдарламалар аса қажет, дейді мамандар.
Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов