Қазақстан азаматтары Өзбекстанда бір ай тіркеусіз жүре алады
Шекарадағы шектеу жеңілдеді.
Енді қазақстандықтар Өзбекстанға 30 күнге дейін тіркеусіз бара алады. Сәйкесінше өзбек азаматтары да елімізге осынша уақытта тіркеусіз кіруге мүмкіндік алды. Ол үшін мәжілісте екі ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң қабылданды. Ал сапарын одан ұзақ күнге, жоспарлағандар уақытша есепке тұруы керек. Бұған дейін азаматтар тіркеусіз тек 5 күнге дейін ғана шетел шекарасынан өтетін. Бұл жайлы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді. Айтуынша, жаңа құжат екі ел арасындағы экономикалық, іскерлік байланысты нығайтуға жағдай жасайды.
Ержан Саденов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Мерзім аяқталғаннан кейін уақытша есепке тұруға міндетті. Негіздері жұмыс істеу, емделу, оқу, отбасымен бірігу, бизнес жүргізу. Осылайша біз көшіқонды бақылаймыз. Одан басқа болу мерзімдері жаңарту мәселелері шешілмек. Бірақ олардың болу мерзімі 6 айдың ішінде 90 күннен аспауы керек.
Сондай-ақ мәжіліс қабырғасында заңсыз кәсіп жасап жүрген өзбек азаматтарын ресми тіркеп, салық төлеуге міндеттеу мәселесі қаралды. Белгілі болғандай былтыр 43 мыңнан аса өзбек мигранты шекараны заңсыз кесіп өткен. Бұған қатысты министр: «Толық қолдаймын. Алдағы уақытта заңнаманы жетілдіру жолын қарастырамыз», - деді. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі нарықты реттеу арнайы квотамен шектелгенін мәлімдеді.