Қостанай облысында есірткі таратқандар қамауға алынды
Қостанай облысында синтетикалық есірткіні таратқан 4 адам қолға түсті, деп хабарлайды 24KZ.
Күдіктілердің барлығы қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Жас ерлі-зайыптылар улы затты zip пакеттерге салып, белгілі бір жерге қойып кетіп отырған. Тәркіленген заттар сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Ұсталғандардың айтуынша, олар мефедронды таратқан. Осы үшін 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Былтыр өңір полицейлері заңсыз айналымдағы 430 келі есірткіні тәркілеген.
Аят Қартбаев, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Тінту барысында пәтерден 300 грамнан астам синтетикалық есірткі таптық. Бұдан бөлек, ақша және травматикалық қару тәркіледік. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен қылмыстық іс қозғалды.