Ұлытау облысының Сарысу ауылында емдеу мекемесі ашылды

Ұлытау облысының Сарысу ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік бөлімше пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Нысан «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Жобаны іске асыруға Ұлттық қордан және облыстық бюджеттен шамамен 108 миллион теңге жұмсалды. Енді ауылдағы ағайын 150 шақырым жердегі облыс орталығына сабылмай, қажетті ем-домын үй маңынан алады.

Жалпы бұл ауылда 1 мыңнан астам тұрғын бар. Жаңа облыста алдағы 3 жылдың ішінде ауылдық жерлердегі барлық медициналық мекемелері жаңартылатын болады. Биылдың өзінде 8 елді мекенде дәл осындай емдеу мекемесі салынады.

Мейірбек Бұзау, Сарысу ауылының тұрғыны:

- Бұрынғы ауруханамыз сыртта ескі құрылыста болған. Оның іші салқын болатын. Жылуы жөнді болмады. Содан кейін мынау мемлекет тапсырысы бойынша ФАП салынды. Бұның іші жарық, кең. Күн сайын келіп тұрамыз. Дәрісін беріп тұрады. Одан кейін қан қысымымызды өлшеп береді.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Акушерлік-фельдшерлік пункт керекті барлық заманауи бұйымдармен жабдықталған. Жалпы бұл жерде толық штаты бекіген. Акушер, фельдшер және медбике жұмыс істейді.