Өскеменде жылу қымбаттады
Өскеменде жылу 10 пайызға қымбаттады.
Сала мамандары тарифтен түскен ақшаға Жылу электр орталығын жөндейміз деп отыр. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорында бу құбырлары ауыстырылып, күл төгетін ұңғыма салынады. Сондай-ақ, қазандықтарды жылытатын қондырғылар күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстарға 5 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. Жылу орталығын жаңарту бірнеше жылға созылады. Кәсіпорын жетекшілерінің айтуынша, тарифтің өсуіне көмір мен мазут бағасының көтерілуі де себеп болған. Орталық бюджетінің тең жартысы отынға жұмсалады. Сонымен қатар энергетик-мамандардың жұмыста тұрақтап қалуы үшін жалақыны өсіру қажет. Соңғы бір жылда мекемеден сексен адам жұмыстан шығып кеткен.
Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Екі бөлме пәтер үшін бір айлық төлем 800 теңгеге, үш бөлме үшін 1070 теңгеге көтеріледі. Жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береміз. Бекітілген жоспар бойынша 2030 жылға дейін жылу электр орталығының тозу көрсеткішін кем дегенде 15 пайызға азайтуымыз керек.