Жамбыл облысында жол қозғалысы қалпына келді
Жамбыл облысында ақтүтек боран мен қалың қар салдарынан жабылған Жуалы ауданы аумағындағы тасжол ашылды, деп хабарлайды 24KZ.
Қазір жол қозғалысы қалпына келіп, сонда жиналып қалған 500-ден аса көлік жіберіліп жатыр. Полиция қызметі алдымен жеңіл және жолаушылар автобустарына жол ашты. Одан соң жүк көліктері арнайы патрульдің сүйемелдеуімен жолға жіберілді. Қолайсыз ауа райы әлі Жуалы, Қордай, Шу, Меркі ауданында сақталып отыр. Онда желдің екпіні секундына 20 метрге жетті. Жолда қалған жолаушылар үшін облыс аумағында жылыту пунктері ашылды. Облыстағы республикалық маңызы бар тасжолдарды тазалау үшін 62 техника мен 376 қызметкер жұмылдырылды. Ал төтеншеліктер кешелі бері жолда қалған 25 адамды құтқарды.