Цифрлық ынтымақтастық

Еуразиялық кеңістікте технологиялық шешімдермен алмасу үшін цифрлық платформа құру қажет.

DIGITAL ALMATY форумының пленарлық отырысында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осындай ұсыныс жасады. Бұл экономикалық одаққа мүше елдердің кәсіпкерлері мен зерттеушілеріне соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қуандық Танабас, тілші:

- DIGITAL ALMATY форумы аясында Беларусь, Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның үкімет басшылары Қазақстанның цифрлық ноу-хау жетістіктерімен танысты. Көрмеде 300-ден астам қазақстандық және халықаралық IT-компаниялардың, сондай-ақ цифрландыру салаларындағы мемлекеттік органдардың жобалары ұсынылған.

Пленарлық отырыста Әлихан Смайылов цифрландыру - қазақстандықтардың өміріне елеулі өзгеріс әкелгенін айтты. Қазір елімізде мемлекеттік қызметтердің 90% электронды форматта. 6 мыңнан астам адам IT саласында жұмыс істейді. 5G байланысын қазірдің өзінде еліміздің 20 қаласында 2 миллионнан астам адам пайдаланады. Жасанды интеллекттіні мемлекеттік қызметтер саласына интеграциялау - стратегиялық міндет. Қазақстанның бұл бағытта тәжірибесі бар.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Жасанды интеллектті қолданудың сәтті мысалдарының бірі – Серебра медициналық платформасы. Ол сандық технологияны пайдалана отырып, инсультті жылдам диагностикалауға мүмкіндік береді. Өткен жылы Қазақстанда сәтті іске қосылғаннан кейін жоба Өзбекстан нарығына да шықты. Ал бүгінде ұжым оны басқа елдерде де іске қосуға дайын.

Цифрландырудың игілігін  Өзбекстан да көріп отыр. Ел премьері - Үкіметтің айти технологиялардың дамуына ерекше қолдау көрсетіп отырғандығын айтты.

Абдулла Әріпов, Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі:

- Кедендік 370 рәсімдерді цифрландырудың арқасында кедендік бекеттерден өткізу уақыты 3 сағаттан бірнеше минутқа дейін қысқарды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар арасындағы электронды байланыс жүйесі жетілдірілуде. Соның арқасында 35 миллилн құжат электронды түрде берілді. Электронды үкімет жүйесіне жасанды интеллекттіні енгізу жұмыстары қолға алынған.

Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құрудың аса маңызды. Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин осылай деді. Дегенмен, әрбір ел цифрландыруда тәуелсіз әрі дара саясат ұстануы тиіс. Ол үшін отандық айти технологиялардың көкжигін кеңейтуге басымдық берілуі қажет.

Михаил Мишустин, РФ Үкіметінің төрағасы:

- Цифрландыру саласына салғырт қараған мемлекет басқа елдерге ақпараттық, саяси, экономикалық тұрғыда тәуелді болады. Осы ретте, жаһандық трендтерді ескеруіміз қажет. Бастысы – цифрлық саладағы кәсіпорындарды жергіліктендіру, отандық өндірушілер мен өнімдерге қолдау таныту. Мемлекет сонда ғана экономиканың дамуына, бизнестің өркендеуіне кепілдік жасай алады.

Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптестерінің бастамаларын қолдауға қашанда әзір. Еліміз цифрлық әлемде жаңа Жібек жолының негізгі қатысушысы болуға ниетті.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Көршілерімізбен бірлесе отырып, біз Каспий теңізінің түбімен оптикалық байланыс бағытын іске асыруды жоспарлап отырмыз және Парсы шығанағы елдерімен оптикалық байланыс орнату нұсқаларын қарастырып жатырмыз. Жасанды интеллектің де жетістігін кеңеінен пайдалану қажет. Қазақстан аймақ елдерін бұл салада бірлесіп зерттеулер жүргізуге шақырды. Деректерді өңдеу мен талдау үшін ортақ қажетті инфрақұрылым құру жолында күш біріктіру керек.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Біз технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілерге соңғы технологияларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Пленарлық отырыстан кейін Қазақстан, Беларусь, Ресей және Өзбекстан үкіметтерінің басшылары «Digital Almaty Awards» сыйлығымен марапаттау рәсіміне қатысты.