Оралда емхана жетіспейді

Соңғы жылдары дәрігерлер науқастарды қабылдап үлгермей жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір облыс орталығында жұмыс істейтін емдеу мекемесінің саны алтау ғана.

Әзірге жергілікті билік өкілдері қосымша ғимарат жалдап, амалдап отыр. Денсаулық сақтау нысандарының тапшылығы қалай және қашан шешіледі?

Бұл – Зачаганск кентіндегі емхана. Дәлізде ұзын сонар кезек. Тұрғындар дәрігердің қабылдауын осылай сағаттап күтуге мәжбүр.

- Бірталай болды. Бір сағаттай ма, сағат жарымдай ма, скринг өтіп жатырмыз.

- Кезек бар енді. Отырмын. Осы жарты сағаттай бар енді отырғаныма.

35 мың адамға арналған емхана осыдан 10 жыл бұрын салынған. Бірақ қазір кентте жаңа ықшам аудандар пайда болып, халық саны едәуір артты. Сондықтан емдеу мекемесі тарлық етеді.

Жұмабек Шайхиев, №6 емхана директоры:

- Қазір бізге 76 мың 636 адам тіркелген. Сондықтан бәрін бірдей қабылдай алмаймыз. Бір ауысымда 1 мың 100 адам келеді. Ал емхана 250 адамға ғана арналған.

Жергілікті билік өкілдері дәрігерлерге қосымша 2 ғимаратты жалға алып берді. Бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. «Халыққа жаңа емхана салу керек», - дейді мамандар.

Ерлан Тоқсанов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Емхананың жаңағы жобалық-сметалық құжаттары дайын. Бүгінгі таңда ол экспертизадан өтіп жатыр. Сараптамадан. Сол сараптамадан өтіп болғаннан кейін біздер республикалық бюджеттен сұраныс жасап, содан қаражат сұрайтын боламыз.

Жалпы облыс орталығында 6 емхана бар. Ал жаңа емдеу мекемесі Зачаганск кентіне жапсарлас Ақжайық ықшам ауданында салынады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Альбина Құмарғалиева, Ербол Меңдіғалиев, Болат Жарылғасов.