«Майқайыңалтында» іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды

«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасының аумағында бір ай бойы үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары тоқтатылды, деп хабарлайды 24KZ.

«GRP-RIDDER-GROUP» ЖШС жүргізген зерттеу қорытындыларына сәйкес шыңырау түбінде топырақ құрылымы өзгеріп, әлсірегені анықталды. Сондай-ақ терең шұңқырлар мен қуыстар бары белгілі болды. Бос кеңістіктерге топырақты қазып жатқан экскаватордың құлап кету қаупі артқан. Ол жерде тау-кен, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Осыған байланысты апаттың барлық периметрін тексеру үшін және іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастыру немесе тоқтату үшін қорытынды шығаруға арнайы сарапшылар тартылады. Дегенмен Павлодар облыстық ТЖД-ның барлық күштері мен құралдары жұмыс жүріп жатқан аумақтан кеткен жоқ.