ШҚО-дағы Қалжыр өзені арнасынан асты

Ел шығысындағы Күршім ауданында Қалжыр өзені арнасынан асты.

Өзен бойындағы ауылдарды топан су басып кетпеу үшін, жергілікті мамандар жұмыла жұмысқа кірісті. Олар инертті материалдан қосымша бөгет жасап жатыр. Айтуларынша, жақын елді мекендерге қауіп сейілген. Алайда тасқын өзен жиегіндегі дамбаның бір шетін шайып кеткен, сол себепті жағдай аяқ асты өзгеруі де мүмкін.

Қалжыр - 130 шақырымға созылып жатқан өзен. Көп бөлігі шатқалмен, біразы жазық даланы басып өтеді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қалжыр өзені алғаш рет арнасынан асып тұрған жоқ. Осыған дейін де әрекідік мінез көрсетіп, тіпті кейбір жылдары ауыл ішіне де жайылып кеткен кезі болған. Дәл қазір менің айналамның барлығын су басып жатыр. Ал осы жердегі ең жақын ауылға бар болғаны 1 жарым шақырымдай ғана қалды. Сондықтан да барлық мамандар және техника осы жерге жұмылып, жұмыс істеп жатыр.

Өзен арнасынан аса сала қажетті техника жеткенше адамдарға тасқынға қарсы амал жасауға тура келген. Атқарушы орган өкілдері, ауыл азаматтары мен құтқарушылар бірлесіп, қолдан бөгет жасаған.

Берік Құнанбаев, Күршім ауданы ТЖ бөлімінің бастығы:

- Техника жеткенше, мамандар мен жергілікті тұрғындар, бір адамдай күш салып, судың бетін қайтардық.Арнаны тазаладық. Енді міне осы маңайды инертті материалмен биіктетіп жатырмыз.

Қалжырдың тура жағасына жету де қиын. Сондықтан мамандар ол жаққа атпен барып кеп жүр. Өзен алты метрлік дамбадан асып кеткен. Ендеше «қазір қатер сейілгенімен жағдай аяқ асты өзгеруі мүмкін»,- дейді олар.

Қайрат Әзімбаев, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

- Болуы мүмкін өйткені бірінші күні, осыны анықтау үшін, атпен, басқа техника жүрмейді атпен барып, аралап шықтық. Бір жерде дамбаның үстін шайып кеткен жері анықталып тұр. Бірақ судың мұзы қатып біраз тоқтап тұр. Біраз мына жұмыс біткен соң сол төмен түскен жерді жөндеу жұмысын жүргіземіз. Бірақ оған қиындық туындайтыны оған ешқандай техника бара алмайды.

Сондықтан, әзірге мұндағы мамандар Марқакөл орман шаруашылығынан көмек сұрап отыр. Қаңқасы ағашпен бекітілген бөгет жасамақшы. Орманшылар да қысылтаяң кезде қол ұшын созуға дайынбыз дейді.

Болат Исанов, бас орманшы:

- Ағашты қиып,төрт бұрышты коробка істеп оның үстіне топырақ әкеп үйіп  тас әкеп төгетін болса сөйтіп тоқтатуға болады. Бір жақ амалы деп отыр иә, Ағашпен қамтамасыз ете аласызлар ма?-Енді ағашпен келісім етерміз, екіжақты келісім шартқа қоямыз заңды түрде етеміз ғой мынадай жағдайда көмектеспесуіміз керек қой бір жағынан қол ұшымызды беруіміз керек бәріміз де.

Қалжырдың тасуы 50 шақты түтіні бар Жаңауыл елді мекеніндегі тұрғындарды алаңдатқаны рас. Өйткені 12 жыл бұрын да бұл өзен осындағы жұртты әбден әбігерге түсірген еді.

Әлімхан Сәйменов, Жаңауыл тұрғыны:

- 2011-ші жылы бірақ алды ауылды,ауылға дейін бірақ келді су, ол кезде де,онда да сол экскаватор әкеп Зайсан ауданынан, аман есен алып қалдық ауылды, мінезі қиын екен ғой, Асау қалжыр дейді ғой сол ғой бізде.

Арнасынан асқан асау Қалжырдан ауылға төнген қауіп төмендеді. Дегенмен ауа райы құбылып тұр сондықтан мамандар сақтықты күшейте түспек. Қазір бұл жерге тәулік бойы кезекшілік қойылды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов