ШҚО-да кешен құрылысы аяқсыз қалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажеттігін айтты.

Осы арқылы қаржының мақсатқа сай жұмсалуы қатаң бақылауда болғаны маңызды.

Президент бұл жайды бекер қозғамаса керек. Себебі елдің қай аймағында болсын, басы ойдағыдай басталып, жеме-жемге келгенде бітпей жатқан нысандар бар.

Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөлде осыдан 3 жыл бұрын басталған дене шынықтыру кешенінің құрылысы әлі аяқталған жоқ. Жұмысшылар болса, жалақыға қол жеткізе алмай зар илеп жүр.

Қалың жұрт күтіп жүрген Марқакөлдегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бүгінгі түрі осы. Қар толып, су ағып қаңырап тұр.

Осыдан 3 жыл бұрын басталған құрылыс аяқасты тоқтап қалды. Сылақшы, дәнекерлеуші, кірпіш қалаушы сияқты бір топ жұмысшы сан соғып қалды. Серік Кәріпшаловтың айтуынша, бастапқыда шаруа жап-жақсы жүрген. Бірақ айлықтың уақыты жеткенде мән-жайдың беті ашылды, - дейді.

Серік Кәріпшалов, Марқакөл ауылының тұрғыны:

- Менің өзіме ғана олар 800 мың теңге қарыз, ал біздің осы жерге ғана істегенімізге шамамен 5 миллион теңгедей қарыз.

Бұл ғимараттың ашылуын әсіресе спортқа құмар жастар ерекше күткен. Дүбірлі додаларға толыққанды дайындалатын болдық деген ауыл балаларының арманы желге ұшты.

Дидар Мысаев, Марқакөл ауылының тұрғыны:

- Әлі де армандап жүрміз ғой, ауылда жастар көбейіп келе жатыр, жас ұрпақ та, өзіміз сияқты жас жігіттер де. Біреуі футболды жақсы көреді, біреуі волейболды жақсы көреді, біреуі күресті жақсы көреді.

Енді осы арман болған нысан «атқораға айнала ма» деп алаңдайды жұрт.

Жандос Муфтиев, Марқакөл ауылының тұрғыны:

- Есік терезесі ашық болған, жылқы кіріп қоймасын, малға толып кетпесін деп жауып қойғанбыз өзіміз қолмен. Әйтпесе, кәдімгі атқора болайын деп тұр ғой бұл ғимарат.

Кешеннің жобасы керемет. Жаттығу залдары, киініп ілетін орын мен медициналық пункт бәрі қарастырылған. Жергілікті билік өкілдері қаңқаның тұрғанынан хабардар. Бұл жұмыстың 80%-і аяқталғанын білдіреді. 450 миллион теңге бөлініп, соның 390 миллионы игерілген.

Саят Тойкенов, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Құрылыс осы жылдың екінші тоқсанында аяқталады. Мердігермен арада сот ісі жүріп жатыр. Бірақ бұл жұмыс тоқтайды деген сөз емес. Жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарымен бірлесіп, кеңесіп, осындай құрылыстарды аяқтаудың жоспарын құрған едік. Мінеки, соның аясында мердігер өзі бастаған істі соңына дейін жеткізеді.

Жауапты мердігердің мардымсыз жұмысы осы нысанмен шектелмейді. Ол Ұлан ауданындағы Бозанбай ауылында тағы бір осындай кешеннің құрылысын созбаққа салған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.