Алматылық кардиохирургтер күрделі операция жасады
Алматылық кардиохирургтер асқынған инфекциялық эндокардитке шалдыққан әйелді аман алып қалды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл ауру жүректің ішкі қабатының қабынуын білдіреді. 38 жастағы Людмила Черникова қатерлі жүрек ауруының алғашқы белгілерін былтыр желтоқсанда байқай бастаған. Әлсіздік, қызу, болдыру, сол жақ аяқтың ауырсынуы, қозғалыстың қиындауы және жүрек қағысындағы тұрақсыздық секілді симптомдармен Алматы қаласының кардиология орталығына жүгінген. Жағдайдың ауыр екенін аңғарған дәрігерлер тексеруден кейін бірден операция жасауға ұйғарған.
Людмила Черникова, науқас:
- Мен Алматы кардиология орталығына түспес бұрын диагнозымның аса қатерлі екенін білмеппін де. Алайда осы орталықтың дәрігерлерінің арқасында қайтадан аяққа тұрдым. Мамандардың мейірімділігіне, кәсіби деңгейлерінің жоғарылығына тәнті болдым. Алғысым зор.
Нұржан Мүсрепов, Алматы қалалық кардиология орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Отаның көлемі үлкен болды. Бір қақпақша емес, екі қақпақша ауыстыру керек болды. Жүрегінің қуатталуы нашар болды. Гемодинамикасы тұрақсыз болды. Тұрақсыз болғаннан кейін ол кісіге ЭКМО деген аппарат жалғауға мәжбүр болдық. 4 күннен кейін өзінің жүрегі қалпына келгеннен кейін ол аппараттан ажыратып, қазіргі таңда науқас өзін жақсы сезініп, бүгін үйге қайтайын деп жатыр, көріп тұрсыздар.