«Жоңғар Алатауы» ұлттық паркінде аң мен құс көбейді

Жетісу облысындағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде жабайы жануарлар мен аңдар көбейіп келеді, деп хабарлайды 24KZ.

Мысалы, 2019 жылы 1700-ден аса бұғы болса, былтыр олардың саны тағы 130-ға артты.

Бұғымен қатар елік, тауешкі, қоңыр аю және доңыздардың да өсімі байқалады. Аң-құсты көздің қарашығындай қорғайтын парк қызметкерлері кезекті санақ жұмыстарын бастады.

Санаққа шыққан Кәрім Жапарғалиұлы мен Сергей Довыдченко бірден еліктің ізіне түсті. Кәнігі мамандар Сарқан өзенінен көп ұзамай-ақ жануарлардың бір шоғырын кезіктірді. Аймақты мекендейтін аң-құс кейінгі кезде жиі көзге түсетін болған.

Сергей Довыдченко, «Жоңғар Алатауы» МҰТП қызметкері:

- Бізде текелердің саны артып келеді. Бұрын 50 шақты болса, қазір 200-ден асты. Маралдың өсімі де сондай. Әсіресе кейінгі жылдары аю көбейді. Ертеректе екі қонжықтан туса, қазір үшеуін ертіп жүретін болған. Бұл қоректік азығының жеткілікті екенін айғақтайды. Сарқан филиалының аумағында ғана 44 аю бар. 

Мемлекеттік инспекторлар санақ жұмыстарында «ақылды» технологияны қолданады. БҰҰ-ның даму бағдарламасымен берілген геонавигациялық құрылғы екі жыл бойы сынақтан өткізілді. Нәтижесінде жануарлардың тіршілік ететін ортасы дәлме-дәл анықталып, картаға түсірілді. Ақпарат негізгі компьютерге көшіріліп, мәлімет қоры жинақталып жатыр.  

Жанарбек Молдахан «Жоңғар Алатауы» МҰТП бөлім басшысы:

- Бұл мемлекеттік инспекторлардың жұмысын жеңілдетеді. Екіншіден, жұмысының нақтылығын көрсетеді. Өйткені инспектор қанша шақырым, қанша күн жүрді – бәрі осы смартта нақты көрсетіледі. Екінші тиімділігі, базаға жиналғаннан кейін әрқашанда базаның қолжетімділігі, қажет мәліметтерді уақытын қойсаңыз тез алып шығуға болады.

Көлемі жағынан елімізде үшінші орын алатын ұлттық паркінде 200-ден аса адам жұмыс істейді. Олардың ұзақ жылғы еселі еңбегінің нәтижесінде Жетісу Алатауының тұмса табиғаты сол қалпында сақталып отыр. Қазір аталған аумақты сүтқоректілердің 50, құстардың 170 түрі мекендейді. Саладағылар жануарлар әлемін қаскөйлерден ғана емес, тілсіз жаудан да қорғайды.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Кіші Басқан өзенінің бойында 5 көпір бар. Биыл соның парк қызметкерлері қалпына келтірмек. Сол арқылы мынандай Тянь-Шань шыршасы өсетін аумаққа жол ашып, жасыл желекті өрттен қорғау жұмыстарын жүргізбек. 

Тынығушыларға Жетісу Алатауын аралату үшін ұлттық парк тарапынан 10 шақты туристік бағыт әзірленген. Биыл олардың қатары тағы екеуімен толығады.

Қуаныш Ақылбаев, «Жоңғар Алатауы» МҰТП директорының орынбасары:

- Туристердің көбі Жасылкөлді көргісі келеді. Сондықтан осы бағытты дамытамыз. Яғни, Алакөлден Жасылкөлге баратын маршрут дайындадық. Тополев ауылында жергілікті әкімдік туристік орталық ашуды жоспарлап отыр. Сол елді мекеннен де бірнеше туристік бағытқа баруға болады.

Былтыр ұлттық паркке 2 мыңнан аса турист келген. Жаңа бағыт ашу арқылы келушілер санын 1,5 мыңға көбейту жоспарланып отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов.