БҚО-да 3 мың адам жарықсыз отыр
Ал Батыс Қазақстан облысында желден үзілген электр желілері әлі жөнделген жоқ.
Қалпына келтіру жұмыстарына 39 бригада жұмылдырылған. Тұрғындардың жарықсыз отырғанына бүгін екінші тәулік. Күннің күрт бұзылуынан, әсіресе, Шыңғырлау мен Қаратөбе аудандары зардап шекті. Жергілікті билік өкілдерінің хабарлауынша, қазір 3 мың 300 адам жарықсыз қалды. Жөндеу жұмыстарын тездетуге боран кедергі.
Естеріңізге салайық, өңірде қатты жел соғып, 5 аудан және Орал мен Ақсай қалалары жарықтан ажырап қалды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жедел әрекет ету штабы құрылған.
Қанат Қарабалаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Сонымен қатар қатты желдің әсерінен 13 ғимараттың шатыры және бір ғимараттың әйнек конструкциясы ұшты. Сонымен бірге қазіргі уақытта күшті және боран соғуына байланысты облыс аумағында автожолдардың 5 учаскесі жабық.