Ақтөбе облысындағы 2 ауданда төтенше жағдай жарияланды. LIVE

Ақтөбеде де жағдай мәз емес.

Облыстың Хромтау және Әйтеке би аудандарында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Себебі, ауа райының күрт бұзылуынан күрделі жағдай қалыптасқан. Боран салдарынан келген шығын көлемі әзір белгісіз. Қазір өңір бойынша 7 бірдей республикалық және облыстық маңыздағы жолдар жабық тұр. 

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Облыста ауа райының күрт бұзылуына байланысты жағдай әлі де күрделі. Сондықтан да барлық құтқару қызметі пен полиция өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгіннің өзінде бірқатар жауапты мекеме қызметкерлері бар жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, оның қортындысы бойынша екі бірдей ауданда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ал жол бойында тұрып қалған көліктер мен жолаушыларды құтқару күні-түні жүріп жатыр. Бұл туралы дәл қазір менің қасымда тұрған облыстық төтенше жағдай департаментінің өкілі Жанболат Төлепбергенов айтуға дайын.

Жанболат Төлепбергенов, облыстық ТЖД басқармасының аға офицері:

- Ақтөбе өңірінде ақтүтек боран бір тәулік бұрын басталған еді. Салдарынан тек облыс орталығына да біршама залал келген. Қазірдің өзінде, күшті жел бес үйдің шатырын жұлып әкеткен  белгілі болды. Сондай-ақ, электр желілерінің зақымдануынан шамамен екі мың абонент жарықсыз отыр. Желілерді жөндеу үшін 35 бригада жұмысқа кірісіпті. Осы жарықтың болмауынан бірқатар шағын аудан тұрғындарына да су беру шектеліп қалды.

Амангелді Боранқұлов, коммуналдық кәсіпорынның бас инженері:

- Ауа райының қазір жел болып тұруына байланысты кейбір тапсырыстар қайта-қайта қайталанып жатыр. Бір жерге барған жерге 2-3 қайтара баратын жерлер бар. Сондықтан нақты сусыз отыр деп айта алмаймыз. анау «Батыс-2» ауданында шамалы шектеулер болып жатыр. Ол жерде бізде Құндақтықыр су қоймасы бар.Сол жерде келетін ұңғымалар бар, сквжиналарда электр желілері істен шығып, қазіргі таңда жұмыстар жөнделіп жатыр.

Қазір облыс орталығында боран басылды. Дегенмен мамандар, әлі бірнеше тәулік бойы боран соғуы мүмкін деп отыр.