Биыл 4 ГЭС іске қосылады
Жетісу облысында былтыр 600 миллион киловатт сағат электр қуаты өндірілді.
Бұл көрсеткіш биыл арта түседі. Себебі Сарқан ауданында екі гидроэлектро станциясы салынып жатыр. Аталған нысандар арқылы жылына 78 миллион киловатт сағат электр энергиясы алынады.
Басқан өзені бойындағы гидроэлектро станциясының құрылысы бес жыл бұрын басталды. Қазір жоспарланған жұмыстың 70 проценті аяқталған. Жоба бойынша ағын су құбырға құйылып электр тоғы өндіріледі. Мұндай станция Екіаша ауылының қасында да салынып жатыр. Қос нысан жазда іске қосылады.
Еркінбек Андағұлов, құрылыс компаниясының өкілі:
- ГЭС екіміздің өндірісі бір жылда 55 млн квт сағат. Күнде беретін электр қуаты 10,6 мегават. ГЭС үш болса жылдық өндірісі 23 млн квт, күнде беретін электр қуаты 4,4 мегават. Соны қосқанда бәрі 16 мегават болады.
Құрылысқа 250 адам жұмылдырылған. Олар маусым айына дейін жұмысты аяқтап, станцияны сынақтан өткізуі тиіс. Сол кезде арнайы оқытудан өткен 25 жергілікті тұрғын жұмысқа қабылданады. Аталған міндеттемемен қатар компания ағын судың арнасы кеуіп қалмас үшін жасалған келісімді сақтауы керек.
Серғазы Сарыбаев, Екіаша ауылының тұрғыны:
- Бұлар 50 процентін алады. Ауылға су жетпей қалған жағдайда ол жазда болмайды қыста болады. Сол кезде ГЭС-ті тоқтатып, ауылға қарай бұрады суды. Жеті талап қойғанбыз соның 70-80 проценті орындалды.
Дидар Сағынғали, Сарқан аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
- Ауданда бұл екі жоба іске қосылғаннан кейін 5 ГЭС болады. Одан бөлек «Басқан пауэр» ГЭС төртіншіні салуды жоспарлап отыр. Және де Черкасск ауылдық округінде «ТОО МТИК» деген қазіргі күнге келіссөз жүргізіліп жатыр ол компаниямен. Ол кісілер 15 мегават болатын инвестициялық құны 8 млрдтан 15 млрд болатын үлкен жобаны жоспарлап отыр.
Шыңғыс Қалиден, тілші:
- Сарқан ауданымен қатар Көксу, Ескелді аудандарындағы өзендердің бойында биыл шағын гидроэлектрстанция салынады. Алдағы екі жылда электр жарығын өндіретін нысандардың тағы жетеуін іске қосу жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов