Жетісу облысында туристік орталық ашылады

Жетісу облысында тағы бір туристік орталық ашылады.

Алғашқысы былтыр «Алтынемел» ұлттық паркінде салынса, екіншісі «Жоңғар Алатауы» паркінің кіреберіс қақпасы іспетті болады. Сарқан ауданы Тополевка ауылындағы нысан Сиверс алмасының гүлдеуіне келетін туристерге жан-жақты қызмет көрсетеді. Шекаралық аймақты дамыту аясындағы жоба жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.

Тополевка тұрғыны Татьяна Баннова мектепте ұстаздық етеді. Сонымен қатар көктемнен қара күзге дейін сүт, май, құрт ірімшік жасап сатады. Оның өнімдерін көбіне ауылға келген туристер алады. Жаңа орталық қосымша табысымызды арттыруға сеп болады, - дейді еңбекқор жан.

Татьяна Баннова, ауыл тұрғыны:

- Менің ойымша, туристік орталық бізге өнімімізді өткізуге мол мүмкіндік береді. Тұрғындар омарташылық және малшаруашылығынан басқа салаларды да дамытатын болады. Ауылымыз көркейе түседі деп сенеміз.

Рамиль Бекмурзин, ауыл тұрғыны:

- Қазір көбіне жастардың бәрі қалаға көшеді. Егер визит центр салынатын болса жұмыс болады. Бәрі осында жұмысқа орналасады.

Жетісу Алатауының етегіндегі аядай ауылға былтыр екі мыңнан аса турист келді. Алманың түп атасы Сиверстің гүлденуін, табиғат сұлулығын тамашалаған олар көрші ауданға барып тұрақтаған. Себебі елді мекенде қонақ үй жоқ. Аталмыш жоба осы олқылықтың орнын толтырады. Әрі тынығушыларға ұлттық парктің жеті бағыты бойынша саяхаттауға мүмкіндік береді. 

Меруерт Сүлейменова, "Жоңғар Алатауы" МҰТП Туризм бөлімінің басшысы:

- Жасылкөл туристік маршруты Тополевка арқылы өтуге болады. Одан ғылыми танымдылық маршруты, одан кейін мына 4500 метр биіктіктегі Шомский мұздығы дейміз, соған бара алады. 

Шекаралық ауылда былтыр үш қабатты жаңа білім ордасы тұрғызылды. Бұрынғы мектепті енді туристік орталық ету көзделіп отыр. Ол үшін жергілікті билік ескі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізбек. 

Дидар Төлеутайұлы, Сарқан аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы:

- Бірінші ғимарат қонақ үй ғимараты. 420 шаршы метр. Екінші ғимарат әкімшілік ғимараты. Ол 200 шаршы метр. Үшінші ғимарат ол жерде біздің конференц залымыз. Музей кабинетін ашпақшымыз ол жерде.

Тополевка ауылының негізгі көшесіне биыл алғаш рет асфальт төселеді. Ал Аманбөктерге ауылдық клуб, мед пункт тұрғызылады. Аймақта туризмді дамыту үшін Жетісудың жақұтына баланған Жасылкөл мен Бұрханбұлақ сарқырамасына барар жол салу жоспарланып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов