Қарағанды облысында 454 адам үй кезегінен шеттетілді

Қарағандылық прокурорлар тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізу барысында 400-ден астам азаматтың заңсыз кезекте тұрғанын анықтады, деп хабарлайды 24KZ.

Мемлекет негізінен баспанамен тек жетім балалар, мүгедектер, көпбалалы отбасылар мен соғыс ардагерлері сынды жандарды қамтамасыз етеді. Алайда тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-і бұл топтың ешқайсына жатпаған.

Сондай-ақ тұрғылықты ауданы заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер анықталған. Азаматтардың жалға берілген үйлерге төлемдер бойынша қарызы 20 миллион теңгеге жеткен. Қазір бұл мәселе бойынша сотқа талап-арыздар берілді.

Ерлан Түсіпов, облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры:

- 50 адамға заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген. Иесіз 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүргізіліп жатыр. Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға жағдайы өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін 4 тұрғын үй сатып алынған. Осы ауданда электр қуатына қосылмаған 2 тұрғын үй сатып алынған. Шахтинск қаласында тұрғын үйді жалға беру шартын заңды деп тану туралы жалған сот шешімінің негізінде пәтерді жекешелендіріп алған. Қазір Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.