Түркістанда Ұлттық ұланның әскери кешені ашылды

Бұған дейін Түркістанға Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімнің үшінші жедел мақсаттағы батальоны көшірілген болатын.

Жаңа әскери қалашықта кинология, спорт және тир ғимараты орналасқан. Ал кешен құрылысына 3 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. 

Жаңадан ашылған Ұлттық ұлан ғимараты бірнеше нысаннан тұрады. Мамандар елімізде сарбаздарға арналған дәл мұндай әскери кешен жоқ екенін айтады. Қонақтар алдымен штаб жұмысымен танысты. Одан соң  казарма, автопаркте және саптық алаңда болып, кинология қалашығын аралады. Тир залында мергендіктерін шыңдады.

Әскери кешеннің негізгі ғимаратында асхана, казарма, дене шынықтыру залы, қару-жарақ қоймасы, монша мен дәрігерлік пункт бар. Барлығы бір ғимаратта орналасқандықтан, уақыт жағынан өте тиімді, - дейді мамандар. Әрі сарбаздардың ас мәзірі де күнделікті талапқа сай жаңартылып, мұқият зерделеніп отырады.

Мұхаммед Ескендіров, Ұлттық ұлан сарбазы:

- Тамақ өте дәмді. Осы Түркістанға келгелі тамақтың сапасы да, бәрі жақсарды. Бәрі керемет.

Сүндет Қыдыркелді, аға аспаз:

- Тамақ ас мәзірі бойынша беріледі. Мамандар алдымен тамақтың сапасын тексереді. Астың грамын, бәрін қарайды. Тамақты қалай жасайтынымызды, қанша қосатынымызды көреді. Майлылығы қандай, дәмін көреді. Содан кейін сарбаздарға береміз. Күнделікті осылай қайталанады.

Бұл Ұлттық ұланға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен сенімді білдіреді. Салтанатты шараға арнайы келген ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Еркін Ботақанов жергілікті билікпен ақылдасып, алдағы уақытта жаңа әскери нысандар мен полигон ашу мәселесін талқылағанын жеткізді. Бұл жұмыстар рет-ретімен жүзеге аса бермек.

Еркін Ботақанов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Өте ризашылығымызды білдіреміз. Қаншама қаражат бөліп, осындай жаңа ғимаратты ашып жатқанымызға. Ұлттық ұлан жауынгерлері, анттарыңызға адал болыңыздар. Жауынгерлік қызметте үлкен деңгейге жете беріңіздер.

 

Жалпы 6506 әскери бөлімінің үшінші жедел мақсаттағы батальоны Шымкент қаласынан Түркістан қаласына өткен жылдың қазан айында көшірілген еді. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан сарбаздары киелі шаһарда жауынгерлік қызмет атқарып, қала тыныштығын күзетіп жүр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.