Мамандар: 2024 жылы республика аумағында күшті жер сілкінісі болмайды
«14 ақпан мен наурыз айы аралығында күшті жер сілкінісі болады» деген ақпарат негізсіз.
Бұл туралы Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының мамандары мәлімдеді. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттың авторы ғаламшардың күшті күн энергиясының ықпалында болатынын, бұл құбылыс жер сілкінісін тудыруы мүмкін екенін айтады. Алайда ғалымдар мұны жоққа шығарды.
Орталық директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, Қазақстанда жылына орта есеппен 10 мыңға дейін сейсмикалық құбылыс тіркеледі. Ал қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні болған жер сілкінісінің ошағы республика аумағында емес, Қытайда болды.
Дәулет Сәрсенбаев, Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының басшысы:
- Өткен аптада ағымдағы және орта мерзімді аралықта сейсмикалық жағдайды талдау жұмыстары аяқталды. Комиссияның қорытындысы бойынша сейсмикалық жағдайды бағалауға сәйкес 2024 жылы біздің республика аумағында күшті жер сілкінісі күтілмейді.