Алматыда медициналық құрал-жабдық шығаратын кәсіпорын ашылады
Биыл шілде айында Алматыда медициналық құрал-жабдық шығаратын ірі кәсіпорын ашылады.
Қазір «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында құрылыс жүріп жатыр. Бұл туралы осы іске жауапты Ordamed компаниясының басшылығы хабарлады. Отандық кәсіпорын өнімін өз елімізге таратып қана қоймай сыртқы нарыққа шығуға да бейіл.
Күрделі медициналық құрал-жабдықтар шығаратын зауыт - еліміздегі ең табысты инвестициялық жобалардың бірі. 2022 жылдың маусымында отандық Ordamed компаниясы мен оңтүстіккореялық ірі компания басшылығы меморандумға қол қойған болатын. Одан кейін елімізде ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық құралдарды шығару туралы тағы бір келісім жасалды. Зауытты Алматы агломерациясының құрамына кіретін «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында салу туралы шешім қабылданды.
Бауыржан Рахымжанов, компанияның басқарма төрағасының орынбасары:
- Бірінші кезеңде – 1,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл өндіріске жұмсалатын қаржы. Құрамдас бөліктері 3 млрд теңге. Инвестицияның жалпы көлемін 10 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бізде қазірдің өзінде 200-ге жуық адам жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер өз еліміздің азаматтары. Зауытта тағы 100-200 адам болады. Біз ауруханаға, диагностикаға, емдеуге қажетті құрал-жабдықтардың барлығын дерлік шығаруды жоспарлап отырмыз.
Компания қазақстандық медициналық жабдықтар нарығында 18 жылдан бері жұмыс істейді. Бұрын дистрибьютерлікпен айналысқан.
Бауыржан Рахымжанов, компанияның басқарма төрағасының орынбасары:
- Қазір бізде 80 позицияға 40 жеке тіркеу куәлігі бар, ал 20-ға жуығы Қазақстанда шығарылған деген ST-KZ сертификатын алды. Біз кез келген медициналық жабдықты өзіміз шығаруымыз керек деп шештік. Сөйтіп, елімізде зауыт құрылысына инвестиция салу туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні серіктестік белгіленіп, жұмыс жүріп жатыр. Шілде-тамыз айларында құрылысты аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Инвестициялық жоба бірнеше кезеңге бөлінеді. Алғашқы кезекте кәсіпорын медициналық техникамен ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуі керек. Содан соң экспортқа шығуды көздейді. Болашақта Ресейде өндіріс орны ашылады.
Ринат Мұстафин, компанияның Техникалық департаментінің директоры:
- Біз компьютерлік бағдарламаға арналған нұсқаулықты өзіміз жазып шықтық. Оған қазақ тілі енгізілген. Сондықтан мемлекеттік емханаларда пайдалануға жеңіл. Әсіресе шалғай ауылдарда дәрігерлер мен науқастарға онымен жұмыс істеу әлдеқайда оңай.
Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайту, яғни 450 миллиард АҚШ долларына жеткізу міндетін қойғаны белгілі. Ол үшін экономикада жыл сайын 6 проценттік өсім болып, 150 миллиард доллар шетелдік инвестиция тартылуы тиіс. Осыған орай бізге өндіріспен айналысатын компаниялар аса қажет.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев, Сержан Жұмааев