Жетісу облысындағы 4 жылға созылған «сақалды» құрылыс
Жетісу облысы Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы сағызша созылып келеді.
Мекеме Ескелді ауданы әкімдігінің тапсырысымен төрт жыл бұрын толық жөнделуі керек еді. Бірақ тиісті жұмыс әлі күнге дейін атқарылмаған. «Сақалды» құрылысқа айналған нысан қазір қаңырап бос тұр. Салдарынан жергілікті халық балаларын Талдықорғандағы үйірмелерге тасуға мәжбүр.
Раушан Қасенова мәдениет үйінде тіршілік қыз-қыз қайнап, көпшілік іс шаралар өтетін кезді сағынып жүр. Әсіресе, еліміз тәуелсіздік алған жылы мұнда наурыз мерекесі ерекше аталып өткенін айтады. «Ауыл халықының рухани ордасына айналған нысанның қазіргі жағдайы көңіл құлазытады»,- дейді ол.
Раушан Қасенова, Бақтыбай ауылының тұрғыны:
- Мына ДК-ның қаңырап тұрғаны жүрегімізге аяздай батады. Шыны керек. Балаларымыз ойнамаса да немерелеріміз ойнаса екен қызығын көрсе екен. Мынаның сыртын жөндеді әйбәт қып, енді ішін жөндеп біткенше сырты тозып жатыр. Қолданысқа беруін қалаймыз.
Талғат Еркінбеков, Бақтыбай ауылының тұрғыны:
- Тоқсанышы жылдардан бері қараңғы қалды солай тұр. Балаларымызды апаратын үйірме жоқ. Үйде ұстап отырмыз. Спортшылардың бәрі ауылдан шығады ғой.
1980 жылдары салынған нысан тоқырау кезеңінде жекеге беріліп, артынша мемлекетке қайтарылған. 2020 жылы аудандық әкімдік мәдениет үйін жаңартуға 750 млн теңгеден астам қаражат бөлді. Конкурс жеңімпазы атанған мердігер мекеме құрылыстың 70 процентін ғана жасаған. «Жұмысты аяқтау үшін әлі де қомақты қаражат керек»,- дейді учаске басшысы.
Ескендір Садырбаев, мердігер мекеме өкілі:
- Жоқ дегенде 120 млн теңге керек. Ол менің есептегенім ол былтыр тамыз айында есептегем. Енді қараңыз ол кезден осы уақытқа дейін баға тағы көтерілді.
Әкімдік келісім шартты орындамаған құрылыс компаниясының үстінен үш рет шағым түсірген. Енді кезекті сот отырысын күтіп отыр.
Айдын Исабаев, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары:
- 2024 жылы 16 ақпанда төртінші соты басталады. Біз мердігер мекемені недобросовестный деп тануды сұрап отырмыз. Содан кейін мердігер мекемені келісім шарттан айырсақ. Конкурс ойнатып қалған ақшасына нысанды аяқтаймыз ба деп отырмыз.
Бұл - сақалды құрылысқа айналып, ісі сотқа жолданған өңірдегі алғашқы мәдениет үйі емес. Кербұлақ ауданы Қоғалы ауылындағы нысанның жөндеу жұмыстары да сағызша созылып келеді. Биыл осы екі ғимаратты ел игілігіне беріп, тағы бірнешеуін салу көзделген.
Қуаныш Сұлтанов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:
- 11 мәдениет үйі әрқайсысы 150 млннан қаражат бөлініп отыр. Ол шағын 700 бен 1500 адамы бар ауылға салынатын ғимарат. БМК-ның 11 салынса, 13 мәдениет үйі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлығы жылдың соңына дейін 27 мәдениет ошағын іске қосамыз.
Жетісу облысында 133 мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Алдағы алты жылда олардың санын 200 ге жеткізу жоспарланып отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев