ҚТЖ жаңа 118 вагон сатып алды
Магистралдық теміржол желісі қызметтерінің тарифі 4 пайызға өсті.
Бұған қызмет шығынының табыс көлемінен көптігі себеп көрінеді. Бұл жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Айтуынша, Қазақстан теміржолының кірісі шығынның тек 50-60 пайызын өтеп отыр. Сондай-ақ министр елде теміржол вокзалдарының ескіргені жайлы айтты. Мәселен, Қазақстанда 59 вокзал болатын болса, қазір оның тек төртеуі ғана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Қалғанына кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін республикалық және өңірлік бюджеттерден қаржы бөлінеді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Біреуі Қызылорда, ол өтті, тағы да үшеуі өтіп жатыр. Павлодар бизнестің әлеуметтік ЖШС есебінен істеліп жатыр және Түркістан мен Шымкент, Шымкент жеке кәсіпкердің есебінен істеп жатыр. Бірақ Түркістан жақта әкімдіктің есебінен істеп жатыр. Қалған 55-ін екіге бөліп жатырмыз.
ҚТЖ: 118 вагон сатып алынды
Теміржол вагондарының да тозығы жеткен. Былтыр бұл олқылықтың орнын толтыру үшін 118 вагон сатып алынған. Биыл тағы да 100-ден аса жаңа вагонды қолданысқа беру жоспарланып отыр. Келесі жылы да жаңалау жұмысы қарқынды жүргізіледі.