БҚО-да 147 елді мекенді су басу қаупі бар
Енді күннің көзі сәл жібісе Батыс Қазақстан облысының алты ауданындағы 147 елді мекенді су басу қаупі бар.
Облыс орталығында да алдын алу шараларын күшейту керек дейді мамандар. Қазіргі кезде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен коммуналдық сала мамандары жұмысқа кірісіп кетті. Осы уақытқа дейін үйлердің ауласы мен көшелерден 500 мың текше метр қар суы сорылды. Өзен жағасындағы қалың қамысты орып, мұзды жаруға дайындық жүргізіліп жатыр. Бүгінде өңірдегі ахуал тұрақты.
Нұралы Мусиев, Облыстық ТЖД басқарма бастығы:
- Қазір облыс бойынша 4 мың қызметкер және мыңнан аса арнайы техника тасқын судың алдын алуға дайын тұр. Инерттік материал, жанар-жағармай қоры жеткілікті. Сонымен қатар, су басу қаупі бар жерлерді бөгеу үшін топырақ толы 200 мың қапшық әзірленді.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Казталовка жағы, мына жерден Тасқала жағы болмаса оңтүстік аудандардан гөрі солтүстік аудандарға көңіл аударыңыздар. Қар шығарып жатырсыздар, мен бәрінен хабардармын. Өткенде айналып шықтық, сіздермен бірге. Барлық берілген тапсырмалар осы ақпан айының соңына дейін аяқталуы керек.